Шерзат соты: жасөспірімнің әжесі оқиға қалай болғанын айтты
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сот отырысы барысында жәбірленуші, Шерзаттың әжесі Жұмабике Кадирова былтыр 4 қазан күні болған оқиғаның қалай болғанын баяндады.
Жәбірленушінің айтуынша, ол сағат 23:00 шамасында жұмыстан келіп үйде отырғанында, келінінің телефонына Қаржаубайдан қоңырау келіп түскен. Ол «Шерзат біреуді ұрып қойды, соған Нұрқанатты оятып жібер» деп айтқан.
— Келінім Нұрқанатты оятты, ол телефонмен Қаржаубаймен сөйлесті да, тез киініп кетті. Шерзат қолымда тәрбиеленген немерем. Тыныштық емес екенін біліп, келініме айтып, ізінше шығып кеттік. Таксимен магазинге бардық. Көліктен түсіп жатып, Шерзатты іздедім, ол көрінген жоқ. Барған себебім онда балалар үйіліп тұр деп ойламадым. Біреуді ұрып қойса, мен әжесі ретінде кешірім сұрайын дедім. Өйтіп мылтықпен, пышақпен келетінін білгенде үйде отырып-ақ полицияға хабарласатын едім, — деді Жұмабике Кадирова.
Жәбірленушінің сөзінше, әрі қарай ол жолдан өткен бойда сотталушылар бір жаққа жүгірген. Ал олардың алдынан шыққан Кадированы Абзал Шынасыл итеріп құлатқан.
— «Әй, балалар» деп алдарынан шыққан кезімде көк спортивкадағы Абзал бар күшімен тартып жіберді, қолымда телефоным ұшып, құлап қалдым. Оның Абзал екенін Нұрқанат айтты. Келінімді екі бала қолынан ұстап, жібермей қойды. Мен бұл балалардың (сотталушылар) ешқайсысын танымаймын. Балалардың (Нұрқанат және Шерзат) құлағанын көрген жоқпын, бұлар топырлап кетіп бара жатқан кезде, екі бала да жерден сұлап жатқан екен. Тек Гүлбара оны құшақтап, «скорый» деп айқайлап жатты. Бұлар Нұрқанатты да, Шерзатты да өлтірдік деп кеткен адамдар және өлтіру үшін келген адамдар, — деді ол.
Сот отырысы барысында Шерзаттың әжесі көз жасына ерік берді.
— Орнымнан тұра алмай жаттым, бірақ басымды көтеріп қарасам, Шерзатқа сол жерге барған адамның бәрі қол көтерді. Еске түсіру де оңай емес, өлтірген адамдарға қарау да оңай емес, — деді жәбірленуші.
Сондай-ақ сөзінде Жұмабике Кадирова оқиға орнында сотталушылармен бірге болған екі қыздың іс-әрекетін де еске алды.
— Екі қыз болды, олар маған «скорый шақырмайсыз ба» деп айтқанын білемін. Түрлерін танымаймын. Олар қалып қоятын секілді балалар (сотталушылар) қолдарынан ұстап, көлікке алып кетті, — деді Жұмабике Кадирова.
Еске салайық, бұған дейін сотта Шерзат өлімінің негізгі себебі аталды.
Сондай-ақ Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.
Прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.