Шерзат сотында айыпталушылар мен жәбірленушілерді беттестіру сәті жарияланды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысында айыпталушы және жәбірленуші тарап арасындағы беттестіру бейнежазбасы ұсынылды. Тыңдалым барысында айғақтар мен бейнематериалдарда сәйкессіздіктер байқалды.

Алдымен сотқа Шыңғыс Белғожаевтың оқиға кезінде марқұм Шерзатты қалай ұрғаны туралы айтқан бейнежазбасы көрсетілді.
Бейнетаспада ол Нұрқанатқа қол көтермегенін мәлімдейді.
— Мен шатасып қалдым, мылтық атқан баланы ұрдым деп ойладым, сөйтсем Шерзатты ұрып жіберіппін. Маған дейін әлгі балаға пышақ сұғылып қойған екен. Мен Шерзатты жабулы пышақтың сабымен ұрдым, — дейді сотталушы Шыңғыс Белғожаев бейнежазбада.
Келесі бейнематериалда Азамат Тоқтаубаев тергеу барысында жалған ақпарат таратылғанын және өзіне Шыңғыс Белғожаев тарапынан қысым көрсетілгенін айтқан.
Сондай-ақ, сотта марқұмның анасы Азамат Тоқтаубаевтың қолында пышақ болғанын көргенін және оның Шерзат жерде жатқанда ұрып жатқанын байқағанын жеткізді.
Алайда Азамат Тоқтаубаев оқиға орнында түсірілген бейнежазбада өзінің сол сәтте болмағаны анық көрінетінін айтып, судьядан бұл деректі назарға алуды сұрады.
Сонымен қатар Дархан Әскентайдың тергеу кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді. Онда ол балалар келгеннен кейін жанжал басталып кеткенін, ешкімге төбелесуге немесе күш қолдануға бұйрық бермегенін айтқан.
Айта кетейік, бүгінгі сотта Қаржаубай Нұрымовтың қолында қандай пышақ болғаны жайлы жазғанбыз.
Осыған дейін Абзал Шынасыл сотталушылардың біреуі Шерзатқа пышақ салғанын мәлімдеген еді.
Шерзат ісіндегі басты айыпталушы осыған дейінгі сөзінен бас тартты.
Еске сала кетейік, Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта тағы бір сотталушы айыптау актісімен келіспейтінін айтқан.