Шет елдерден парацетамолдың қосымша қоры әкелінеді - ДСМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті елдегі парацетамол препаратының қоры туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Кейінгі күндері азаматтар бізге бөлшек сауда сегментінде парацетамолдың жоқ екенін және азайып кеткенін айтып, жиі шағымданып жүр. Комитет апта сайын көтерме және бөлшек сауда желісінде антибиотиктердің, антикоагулянттардың, антипиретиктердің, вирусқа қарсы, қабынуға қарсы және гормоналды препараттардың мөлшеріне мониторинг жүргізеді. Фармацевтикалық қызмет субъектілерінің ақпараты бойынша, бөлшек және көтерме желіде парацетамолдың әр түрлі дозадағы 710 652 қаптамасы бар», - деп жазылған комитет мәліметінде.

Ал парацетамолмен біріктірілген дәрілік формалардың саны 573 409 қаптама.

«Қазақстанда тіркелген парацетамолды шет елдерден қосымша жеткізілмек. Парацетамолмен емдеу ұзақтығы 3 күннен аспайтынын және ауырсынуды басатын дәрі ретінде 5 күннен аспайтынын білу маңызды. Препаратпен емдеуді жалғастыру дәрігермен кеңескеннен кейін ғана мүмкін болады», - деп толықтырды ведомство.

Еске салсақ, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде парацетамолдың қоры жеткілікті екенін айтқан еді.
Соңғы жаңалықтар