Шетелде білімдерін көтерген кәсіпкерлердің денсаулық сақтау саласындағы бәсекелестікті дамытудағы үлесі зор болады деп үміттенеміз - Ғабит Лесбеков
АЛМАТЫ. 20 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда қазір денсаулық сақтау саласындағы бизнесті дамытудың маңызы өте зор.
Оны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарушы директоры Ғабит Лесбеков бүгін Алматыда «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша қазақстандық кәсіпкерлердің АҚШ-та біліктілікті арттыру шарасының қорытындысына арналған жиында айтты.
«Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында 8 маусымда
«Іскерлік байланыстар» жобасының екінші кезеңінің қатысушылары АҚШ-тағы 3 апталық сапардан оралды. Онда қазақстандық 10 кәсіпкер денсаулық сақтау саласындағы өз бизнестерін дамыту бойынша біліктіліктерін арттырды. Олар аталмыш бизнес саласының қыр-сырын біліп, оны дамытуға қатысты арнайы Вашингтондағы GraduateSchool оқу орнында трениннтен өтті», - дейді Ғ. Лесбеков.
Ғабит Әбдімүтәліпұлының айтуынша, бұл кәсіпкерлер жобаның бірінші кезеңі аясында «Назарбаев университетінің негізіндегі бизнес-мектепте 2011 жылы өткен дәрістердің тыңдаушылары. Олар медициналық құрал-жабдықтар шығаратын кәсіпорындарды аралап көрді. Вашингтон, Чикаго, Нью-Йорк қалалары мен Солтүстік Каролина, Иллинойс штаттарында орналасқан денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп жатқан компаниялар, медициналық клиникалар, зерттеу орталықтары, бизнес қауымдастықтарды аралап, көрмелер мен конференцияларға қатысты.
«АҚШ-ты таңдап алған себебіміз, онда бұл саладағы басқару менеджменті, құрал-жабдықтар мен қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейде дамыған. Олардың бизнесті жүргізу қабілеттері де озық деңгейде. Қазақстандық кәсіпкерлер шетелдік әріптестерімен бетпе-бет кездесіп, онда тағлымдамадан өту арқылы алған машықтарын Қазақстанда жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр. Озық құрал-жабдықтар мен басқару технолгиясын енгізіп, олар басқа кәсіпорындарға үлгі болуы тиіс», - деп отыр Ғ.Лесбеков.