«Шетелде жұмысқа орналастырамын»: 80 адамды алдаған алаяқ қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Күдікті виза алу, медициналық сақтандыру, биометриялық рәсімдер және басқа да қызметтерді алып беремін деген желеуімен азаматтардан 40 миллион теңгеге жуық ақша алған.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетау қаласында шетелде жұмысқа орналастыру қызметін көрсетуге байланысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеліп жатыр.
— Сотқа дейінгі тергеу барысында Көкшетау қаласының тұрғыны 2023 жылдан бастап 2026 жылғы қаңтарға дейін «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы азаматтарға Ұлыбританияның Біріккен Корольдігіне жұмысқа орналасу бойынша ақылы қызметтер ұсынғаны анықталды. Күдікті виза алу, медициналық сақтандыру, биометриялық рәсім және басқа да ілеспе қызметтерден өту сылтауымен азаматтардан қаражат алған. Алайда, іс жүзінде ешқандай жұмыспен қамту шарасы қабылданбаған. Ол қаржыны қолма-қол да, банктік аударым арқылы да алған, — делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда 80-ге жуық адамның зардап шеккені анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 40 миллион теңге. Қазір күдікті үйқамаққа алынды.
Полиция қызметкерлері азаматтарға шетелде жұмыс іздеу кезінде сақ болуға және алаяқтықтың бірнеше айқын белгілеріне назар аударуға шақырды. Оған мыналар жатады:
- «Кепілдендірілген» жұмысты қамтамасыз ету үшін толық немесе көп сомада алдын ала төлем талап ету;
- Делдалдың ресми тіркеуі немесе лицензиясының болмауы;
- Виза немесе басқа құжаттарды ресми органдардың қатысуынсыз, делдал арқылы рәсімдеуді ұсыну;
- Келіссөздер тек әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жүргізу;
- Қызмет үшін төлем жасау және шешімді жылдам қабылдауға қысым жасау.
Бұған дейін Ақмола облысының тұрғыны жалған интернет жеңілдігіне алданып, 5 млн теңгесінен қағылған болатын.