Шетелдік байқаушылардың алдағы президенттік сайлауға қатысу белсенділігі жоғары болмақ - А.Арғынов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде еліміздің Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысуға ниет білдірген шетелдік байқаушыларды аккредиттеу үстінде. Осы ретте «ҚазАқпарат» ҚР Орталық сайлау комиссиясы аппаратының бөлім меңгерушісі Арбол Арғыновтан тіркелген байқаушылар, олардың сайлау барысын байқау кезіндегі құқықтары мен міндеттері жайында сұрап білген болатын.
None
None

- Арбол Хасенұлы, Халықаралық байқаушыларды тіркеу туралы соңғы мәліметтермен таныстырсаңыз.

- Соңғы мәліметтерге сәйкес еліміздегі президенттік сайлаудың барысын байқауға ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ТМД, ШЫҰ миссияларынан және 19 шет мемлекеттен 236 халықаралық байқаушы аккредиттелді. Жалпы, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мен ТМД 350-400-ге жуық қысқа мерзімді байқаушыны еліміздегі президенттік сайлауға қатыстыруды жоспарлауда. Олардың өз байқаушыларын аккредиттеуге уақыт жеткілікті. Бұл процес 20 сәуірде аяқталады.

- ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысуға олардың белсенділігі мен ниеті қандай?

- Атап өткенімдей, тек ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мен ТМД миссияларының өзінен-ақ шамамен 750-800-ге жуық байқаушыны аккредиттеу жоспарланып отыр. Бұл миссиялар бүгінгі күні өз жұмыстарына кірісіп те кетті. Басқа халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден де шамамен 200-ден астам байқаушы болуы мүмкін.

Бұдан бөлек, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ТМД-ның Парламентаралық Ассамблеясы, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі өздерінің сайлауды байқауға қатысатынын растады. Еуропалық парламенттік ұйымдардан, Ислам ынтымақтастығы ұйымынан, Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясынан жауаптар күтілуде. Көріп отырғанымыздай, байқаушылардың алдағы президенттік сайлауға қатысу белсенділігі мен ниеті жоғары.

- Халықаралық байқаушылардың құқықтары мен міндеттері туралы еске салып өтсеңіз.

- Халықаралық байқаушылар сайлау процесінің барлық кезеңдеріне қатысуға, сайлау процесінің қатысушыларымен кездесуге, сайлау комиссияларынан сайлау науқанының барысы туралы ақпарат алуға, сайлау учаскелеріне кіруге, сайлау күнінің рәсімдерін (учаскенің ашылуы, дауыс беру процесі, дауыстарды санау және дауыс беру қорытындыларын анықтау) байқауға құқылы. Сонымен қатар олар көпшілік алдында мәлімдемелер жасауға, ұсынымдар енгізуге, өздерінің байқағандары мен анықталған заң бұзушылықтар туралы сайлау комиссияларының мүшелерін хабардар етуге құқы бар.

Олардың міндеттері - сайлау барысын байқау, сайлау процесіне араласпау, сайлау учаскесінде белгіленген ережелерді сақтау, сайлау

комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамау. Бұл ретте, олар белгілі бір кандидатқа артықшылық бермей, әділ болуы тиіс.

- Соңғы жылдары сайлау заңнамасының байқаушыларға қатысты бөліміне қандай өзгерістер енгізілді?

- Сайлау туралы заңның алғашқы редакциясында байқаушылар тек қана сайлау учаскелерінің ашылуы мен дауыс беру процесін байқай алды. 1999 жылы оларға дауыстарды санауды байқау құқығы берілді. 2004 жылы байқаушылардың құқықтары едәуір кеңейтілді. Оларға сайлау процесінің барлық кезеңдеріне қатысуға, сайлау комиссияларынан сайлау процесі мәселелері бойынша кез келген ақпарат алуға, сайлау комиссияларының отырыстарына қатысуға, сайлау күнінің барлық рәсімдерін (учаскенің ашылуынан, дауыс беруден, дауыстарды санаудан бастап, дауыс беру қорытындылары шығарылғанға дейін) байқау құқықтары берілді.

2007 жылы жергілікті және халықаралық байқаушылардың өкілеттіктері ажыратылды, «Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері» атты 20-2-бап толықтыру тәртібімен енгізілді, онда халықаралық байқаушыларды шақыру мен аккредиттеу үшін негіздер бекітілген.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар