Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шетелдік мердігер компаниялар заң талабы шеңберінде жұмыс жасаулары тиіс - комиссия отырысы

ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ -Қызылорда облысы әкімдігінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі тұрақты жұмыс атқаратын облыстық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өткізілді.

Шетелдік мердігер компаниялар заң талабы шеңберінде жұмыс жасаулары тиіс -  комиссия отырысы

Оның жұмысын облыс әкімінің міндетін атқарушы, облыстық үшжақты комиссияның төрағасы Мадияр Алдоңғаров жүргізді.

Отырыста екі мәселе қаралды. Алғашқысы бойынша облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Сәдібек Балтабайұлы хабарлама жасады. Хабарламашының әңгімесінен белгілі болғандай, аталмыш компания ҚР кәсіподақтар қоғамдық бірлестігімен жасалған бірыңғай ұжымдық шартты келісімге сәйкес толық көлемде орындап келеді. Атап айтқанда, компанияда ҚР «Еңбек туралы» заңнама тәртібі толық сақталған. Соған сәйкес ұжымдағы еңбек қауіпсіздігін сақтау мен жұмысшылар, инженер-техниктерді әлеуметтік тұрғыдан қорғауға ұдайы көңіл бөлініп келеді. Ұжым мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық бағытындағы қажеттіліктеріне қолдау көрсету мақсатында жылына 30 млн. теңгеден астам қаржы бөліп келеді.

Жақында облыстық «Қазақстан-Қызылорда» және «Қоғам ТВ» телеарналарында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолы жобасының облыста жүзеге асырылу барысына қатысты сын материалдар көрсетілді. Атап айтқанда, «Аккорд Окан» компаниясы жұмысшыларға жағдай жасамай отырғандығы, яғни, жұмысшылардың демалыс күндері істеген еңбегі үшін қосымша ақы төлемейтіндігі және оларға берілетін тағамның сапасыз екендігі айтылды. Облыс әкімдігінде шұғыл мәжіліс өткізіліп, мән-жайды анықтау үшін тиісті органдарға тапсырма берілді.

Осы мәселе бойынша хабарлама жасаған ҚР бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департамент директоры Нұрлыбек Жолдас­баев алғашқы тексеру қорытындылары жөнінде айтты. Бүгінде бұл маңызды жобаны жүзеге асыру мақса­тында 21 компания жұмыс атқаруда. Оның төртеуі шетел­дік бас мердігер компаниялар. Тексеру нәтиже­сінде өзіміздің жергілікті компанияларда жұмыс­шыларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мақса­тындағы барлық талап орындалып келе жатқаны белгілі болды. Бұған керісінше шетелдік компаниялар ҚР «Еңбек туралы» заңының тәртібін сақтамаған. Соның ішінде «Аккорд Окан» түрік-әзірбайжан біріккен кәсіпорнында тоғыз факті бойынша заң бұзушылық анықталды. Со­ның бастысы, жұмысшылармен еңбек шарты жасал­маған. Соған сәйкес салық нөмірі де көрсетілмеген, жұмыс уақыты белгіленбеген. Жұмыс­шылар арнайы медициналық сараптамадан өтпеген. Олардың арнайы жұмыс кестесі, дәрі-дәрмек салатын қобдишалары жоқ. Таңғаларлығы, компанияда еңбек қауіпсіздігіне жауап беретін адам жоқ. Шетелдік компаниялар арасында мамыр айынан бері еңбекақы төлемей отырғандары да бар. Осы еңбекақыға экологиялық 30 пайыз үстемақы төлеу мүлдем көрсетілмеген.

Мәжілісте сондай-ақ, облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау депар­таменті директорының міндетін атқарушы Аманкелді Бисенов шетелдік компаниялардың медициналық қызмет көрсету мен ас дайындау және жатын орындарында тазалықты қатаң сақтау мәселесіне қатысты хабарлама жасады.

Комиссия отырысын қорытындылаған М.Алдоң­ғаров шетелдік компания өкілдерінің алдына қатаң талап қойды. Комиссия мүшелеріне облыстық басқарма мен департаменттер бірігіп арнайы тексеру ұйымдастыру қажеттігін тапсырды. Егер жергілікті жердің азаматтары әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаса, онда шетелдік компанияларға біздің елдің заңдылығына сәйкес барлық қатаң шаралар қолданылуы керектігін қадап айтты.