Шетелдік делегацияға Қазақстанның этно-сауықтыру тәжірибесі таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешеніне жұмыс сапарымен Ресейдің Мәскеу қаласынан ауыл шаруашылығы министрі бастаған делегация келді, деп елорда әкімдігінің ресми сайты.

Шетелдік делегацияға Қазақстанның этно-сауықтыру тәжірибесі таныстырылды
Фото: Астана әкімдігі

Оларға дәстүр, сауықтыру және этномәдени элементтерді ұштастырған кешеннің бірегей тәжірибесі таныстырылды. Сонымен қатар, «Арғымақ» кешенінің құрылу тарихы, философиясы және сауықтыру мүмкіндіктері туралы айтылды.

Әсіресе мұнда ұсынылатын бағдарламалардың табиғи әрі қалпына келтіру қасиеттеріне ерекше назар аударылды.

Қонақтарға ұлттық мәдениеттің элементтері де көрсетілді. Атап айтқанда, қазақтың құсбегілік өнері таныстырылып, делегация тарапынан ерекше қызығушылыққа ие болды. Бұл көрініс танымдық мәнге де ие болып, кешеннің негізінде жатқан дәстүрлерді тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Шетелдік делегацияға Қазақстанның этно-сауықтыру тәжірибесі таныстырылды
Фото: Астана әкімдігі

Сондай-ақ делегация тазы иттерін көріп, жылқыларға ерекше қызығушылық танытты. Бұл жануарлар кешендегі сауықтыру және оңалту бағдарламаларының маңызды бөлігі болып саналады.

Шетелдік делегацияға Қазақстанның этно-сауықтыру тәжірибесі таныстырылды
Фото: Астана әкімдігі

Кешен директорының айтуынша, мұнда дәстүрлі тәсілдер мен заманауи технологияларды ұштастыруға айрықша мән беріледі.

— Біздің басты ерекшелігіміз — ұлттық тәжірибені қазіргі шешімдермен үйлестіру. Арнайы жаттығу алаңдары, жолақтар және толық маусымдық жұмыс жүйесі бар. Кешенде олимпиадалық элементтер енгізілген, терапиялық бағыттар да дамып келеді. Біз балаларға көмектесеміз, ата-аналары нәтижесін көріп, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Бала алғаш рет жылқыны көргенде оның қызығушылығы оянып, ерекше эмоция пайда болады, — деді ол.

Шетелдік делегацияға Қазақстанның этно-сауықтыру тәжірибесі таныстырылды
Фото: Астана әкімдігі

Сонымен қатар, биыл кешен инфрақұрылымын дамыту жоспарланған. Жаңартылған алаңдар ашылып, түрлі жарыстар өткізу көзделіп отыр.

қыз қуу
Фото: Астана әкімдігі

Сапар соңында қонақтарға ауқымды спорттық бағдарлама мен ұлттық спорт түрлері таныстырылды. Олардың қатарында көкпар, қыз қуу, теңге ілу және дала халқының мәдениеті мен рухын айшықтайтын басқа да дәстүрлі ойындар бар.

Бұған дейін ат үстіндегі акробатика шебері балаларды ат спортына 7 жастан бастап баулу керек екенін айтты.