Шетелдік инвесторларға жағдай жасаймыз деп өндірушілерімізді тұншықтырып алмайық – депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Арнайы аймақтарды одан әрі жүйелі дамытуға бағытталған бірыңғай мемлекеттік тұжырымдама бекіту қажет. Бұл туралы бүгін Құрылтай отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа сауал жолдаға депутат Бекжан Айтқұлов айтты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілі өзін толық ақтамағанын ашық айтты. Ширек ғасыр ішінде бұл аймақтардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1 пайыздан сәл ғана асқанын, экспорттағы үлесі 0,6 пайызды, ал шетелдік инвестиция тартудағы үлесі небәрі 0,9 пайызды құрағанын атап өтті. Сонымен қатар еліміздегі 18 арнайы экономикалық және 69 индустриялық аймақта 900 жоба іске асырылып, 7,5 триллион теңгеден астам жеке инвестиция тартылып, 59 мыңнан астам жұмыс орны ашылғаны туралы көрсеткіштер келтіріледі. Бұл – белгілі бір нәтиже. Алайда, салынған мемлекеттік қаражат пен берілген жеңілдіктердің экономикалық қайтарымы бұдан әлдеқайда жоғары болуы тиіс. Біздің экономикаға жалаң сандар мен әдемі статистика емес мемлекеттік табыстың нақты өсімі қажет, - деді Құрылтай депутаты.
Осы орайда ол экономикалық аймақтардың қызметін түбегейлі қайта қарап тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар нақты қадамды жүзеге асыруды ұсынды.
- Бірінші, жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда сондай-ақ олардан тыс жерлерде ашылған өнеркәсіптік кәсіпорындардың саны бойынша емес олардың нақты экономикалық тиімділігі негізінде бағалауды ұсынамыз. Әкімдіктер бюджет есебінен тартылған әрбір инфрақұрылым үшін қатаң экономикалық есеп беруі тиіс. Екінші, мемлекеттік қолдауды толық алып кейін жұмысын тоқтатқан кәсіпорындардың тағдырын шешетін арнайы комиссия құрып олардың өндірісін қайта жандандыру қажет, - деді ол.
Оның айтуынша, үшіншіден, жүктелу деңгейі төмен арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды зерделеп, олардың өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында арнайы экономикалық аймақта жұмыс жасауға рұқсат етілетін жаңа Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің (ЭҚЖЖ) экономикалық қызмет түрлерін енгізу рәсімін жеңілдету қажет. Қазіргідей «сіздің жобаңыз біздің тізімге кірмейді» деп дайын тұрған инвесторды кері қайтаратын қолдан жасалған тиімсіз кедергілерді жою керек. Осыған байланысты жаңа ЭҚЖЖ экономикалық қызмет түрлерін қысқа мерзімде енгізуге мүмкіндік беретін түсінікті әрі ашық тетікті әзірлеу қажет.
Төртіншіден, Арнайы экономикалық аймақтардағы жеңілдіктердің мерзімінің аяқталуына орай, соңғы 3 жылда тіркелген жаңа қатысушылар үшін жеңілдіктерді кемінде 5 жылға ұзарту мүмкіндігін қарастырған жөн.
Бесіншіден, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі шарты ретінде өңдеу өнеркәсібіне қажетті инфрақұрылымның экономикалық және өндірістік тұрақтылығын қамтамасыз ету керек.
- Алтыншыдан, шетелдік инвесторларға салықтық жеңілдіктер бермес бұрын дәл сол салада мемлекеттік қолдау алып дамып келе жатқан әрі жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін отандық кәсіпорындардың мүдделері мен бәсекеге қабілеттілігі ескерілуін ұсынамыз. Шетелдік инвесторларға жағдай жасаймыз деп өз өндірушілерімізді тұншықтырып алмауымыз қажет. Жетіншіден, халықаралық тәжірибеге сәйкес, нарықтық экономикада бірде-бір мемлекет барлық өндіріс саласында бірдей технологиялық әрі бәсекеге қабілетті көшбасшы бола алмайды. Сондықтан қайта өңдеу өнеркәсібін нақты салалар бойынша басымдықтарымызды айқындау мақсатында Ұлттық экономикалық зерттеу институты аясында арнайы аймақтарды одан әрі жүйелі дамытуға бағытталған бірыңғай мемлекеттік тұжырымдама әзірлеп бекітуді ұсынамыз, - деді Бекжан Айтқұлов.
Бұған дейін депутат Рәбиға Тоқсейітова Құс шаруашылығының ұлттық ғылыми-зерттеу орталығын құруды ұсынған еді.