Шетелдіктер қазақстандық спортшыны аниме кейіпкерлерімен салыстырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық спортшы Жасмин Бегалинова күтпеген жерден желі жұлдызына айналды. Бір күнде танымал болған спортшы болашақ жоспары туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында бөлісті.

Жасмин Бегалигова
Фото: instagram.com/hay_nyash

Жасминнің айтуынша, оның жарыс кезінде түсірілген суреттері ғаламторда кең таралып, шетелдік қолданушылар арасында қызу талқыланған. Тіпті желі қолданушылары фан-арттар салып, спортшыны танымал аниме кейіпкерлерімен салыстыра бастаған.

– Фотосуретім жеті миллионнан астам қаралым жинады. Шетелдіктер мені танымал бейнеойындардың, аниме кейіпкерлерімен салыстырып, әзілдеп Қазақстанға көшуге дайын екендерін жазып жатыр. Мұның бәрі мен үшін күтпеген жағдай болды. Бұл туралы алғаш рет достарым мен таныстарымнан естідім. Суретті алғаш болып француз азаматы бөліскен екен. Пікірлерді оқи отырып, адамдардың маған ғана емес, Қазақстанға да қызығушылық таныта бастағанын байқадым. Кейін түрлі модельдік агенттіктер түсірілімдерге шақыра бастады, – деді ол.

а
Фото: видеодан алынған скрин

Алайда ол спортшының алдағы жоспарына әсер етпеген.

– Қазір Өскемен қаласында тұрамын. Колледжде жаттықтырушы мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Болашағымды тек спортпен байланыстырамын. Ең үлкен арманым – Олимпиада ойындарына қатысу, – деді спортшы.

Айта кетейік, Жасмин жеңіл атлетикаға үш жыл бұрын ғана келген. Соған қарамастан, ол биіктікке секіруден спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындап үлгерген. Бұған дейін жеті жыл бойы баскетболмен айналысқан.

Ал әлем назарын аудартқан фотосуреттер жақында Шымкентте өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында (U23) түсірілген.

– Бұл жарыста үшінші орын алдым. Бұған дейін ел чемпионаттарында үнемі төртінші орынмен шектелетінмін. Ал бұл жолы қола жүлдеге қол жеткіздім. Оның үстіне өз жас санатымда ғана емес, өзімнен әлдеқайда үлкен спортшылармен де сынға түстім. Сондықтан бұл жетістіктің мен үшін маңызы ерекше, – деді Жасмин Бегалинова.

Еске салайық, Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі белгілі болды.