Шетелдіктерге Чехия партияларына кіруге рұқсат берілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Одақ азаматтары Чехияның саяси партияларына мүше бола алады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Чехия
Фото: Азертадж

Бұл төменгі палата мақұлдаған және сенаторлардың қарауына жіберілген заң жобасында ескерілген. Заң жобасына сәйкес, «Чехия партиясы мен қозғалысының мүшесі 18 жасқа толған және Чех Республикасында тұрақты немесе уақытша тұруға рұқсаты бар ЕО-ға мүше басқа мемлекеттің азаматы да бола алады».

Жоғарғы палата өкілдері заң жобасы бойынша бір ай ішінде пікір білдіруі тиіс, содан кейін ол Президент Петр Павелге қол қоюға жіберіледі. Егер түзету қабылданса, жаңа ережелер заң мемлекеттік реестрде жарияланғаннан кейінгі күні күшіне енеді.

Чех заң шығарушылары бұл қадамды ЕО сотының өткен жылдың 19 қарашасындағы шешіміне жауап ретінде жасап отыр. Сот Чехиядағы тек чех азаматтары ғана ұлттық партияға мүше бола алатын тәжірибе ЕО-ның басқа тұрғындарының құқықтарын бұзады деп еске салды. Егер саясаткерлер өзгерістерге қол жеткізбесе, Чехия сот істері мен қаржылық санкциялар қаупіне ұшырайды.

Бұған дейін Чехияның Ұлттық банкі ЕО-да криптоактивтердің алғашқы ұстаушысы атануы мүмкін екені айтылды.

Соңғы жаңалықтар