Шетелге жұмыс істетеуге барған ақтөбелік 125 жылға сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Рашид Кадиров Грекия түрмесінде отыр. Мигранттарды заңсыз тасымалдаған үшін айыпталған ақтөбеліктің анасы Нұрхан Қадырова баласын елге экстрадициялауды сұрады.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Рашид Қадыров мектеп бітіріп, әскери борышын өтеп, үйленіп, аз-маз көлік жөндеу орнында еңбек еткен. Кейін ешкімге айтпастан жұмыс іздеп, Түркияға аттанды.
— Ұлым 2024 жылы маған айтпастан кетіп қалды. Оның Түркия еліне жұмысқа орналасамын деп кеткенін немеремнен білдім. Ол әуежайға такси шақырып берген екен. Арада 4-5 ай өткенде өзге нөмірден қоңырау шалды. «Мен Грекияда түрмеге түсіп қалдым» деп айтты. Жұмыс берушілер алдап түсірген. Сот болып, оған 125 жыл жаза кесілді. Енді тағы бір сот болып, сонда іс қайта қаралады екен. Біз ұлымызды елге әкелгіміз келеді. Сыртқы істер министрлігіне де өтініш беріп отырмыз, — деді Нұрхан Қадырова.
Оның айтуынша, ұлы әлеуметтік желі арқылы тараған хабарламаға сеніп, жұмысқа барады. Тіпті жұмыс берушілер жолақысын да төлеген.
— Ол шетелге мүлде шығып көрмеген бала. Олардың тілін, ағылшынша білмейді. Қазақ және орыс тілдерін ғана меңгерген. Барып, бір қылмыстық топқа тап болған сияқты. Ол Түркияда туристерді тасымалдап жүрмін деп ойлап Грекия жерінен шыққан. Сол жерде ұсталып, тіл білмесе де қорыққанынан құжаттарға қол қоя берген. Турист дегені миграттар екен. Онда тіпті Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан да адамдар отыр. Өзге елде жүрген баламның жағдайын ойлап, не істерімізді білмей жүрміз, — деді анасы.
Kazinform тілшісі СІМ баспасөз қызметіне хабарласты. Министрлік құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
— Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Грекияда жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматы туралы хабардар. Аталған азамат Грекия сотының шешімімен заңсыз мигранттарды тасымалдағаны үшін жауапкершілікті көздейтін бап бойынша сотталған. Бұл әрекет жергілікті заңға сәйкес, ауыр қылмыстар санатына жатады.
Грекиядағы дипломаттарымыз азаматқа өз құзыреттері шеңберінде қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Мәселе Министрліктің бақылауында, — деп хабарлады СІМ.
Айта кетейік, 33 жыл бойы жылқы бағып, сотталған ақтөбелік рақымшылыққа ілікті.