Шетпе станциясындағы вокзалдың аумағы бес есе ұлғайды
АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысында Шетпе теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді. Жаңартылған вокзалдың ашылу рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері мен мердігер ұйымның қызметкерлері қатысты.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту жөніндегі ауқымды мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылды.
Қайта жаңғырту барысында 1967 жылы салынған вокзал ғимараты толықтай жаңартылды. Вокзалдың қабырғасы қайта тұрғызылып, шатыры мен қасбеті ауыстырылды, инженерлік желілер толық жаңартылды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді және вокзал маңы абаттандырылды.
Сондай-ақ аумағы 2 100 шаршы метр болатын жаңа жолаушылар платформасы салынды. Заманауи жабын төселіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тактильді жолақтар, навигациялық белгілер мен абаттандыру элементтері орнатылды. Вокзал жаңа жиһазбен және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Құрылыс барысында отандық өндірістің материалдары пайдаланылды.
Жоба нәтижесінде вокзал ғимаратының жалпы ауданы 201 шаршы метрден 1 103 шаршы метрге дейін ұлғайып, бес еседен астам артты. Ал тәуліктік өткізу қабілеті екі есе өсіп, 100 жолаушыдан 200 жолаушыға дейін жетті. Жаңартылған вокзал қауіпсіздік, энергия тиімділігі және кедергісіз орта талаптарына толық сәйкес келеді.
Шетпе станциясы арқылы Семей, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Орал бағыттарына қатынайтын 16 жолаушылар пойызы жүреді.
Вокзалды жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, күту жағдайларын жақсартуға және тұрғындар мен өңір қонақтары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында Жақсы теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары аяқталғанын хабарлаған едік.