Шиелі және Сырдария аудандарында білім және денсаулық сақтау нысандары ашылып, ауыз жүйесі кеңейтілді

ҚЫЗЫЛОРДА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Шиелі және Сырдария аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Шиелі және Сырдария аудандарында білім және денсаулық сақтау нысандары ашылып, ауыз жүйесі кеңейтілді

Шиелі кентінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен 600 орындық № 270 орта мектеп ашылды. Мектеп құрылысын жасаған мердігер компания - «Бақ-Жай» ЖШС құрылысты 2013 жылы қаңтар айында бастаған болатын. Екі қабатты ғимарат 4 блоктан тұрады және барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Мердігер мекеме білім ошағының ашылуына орай мектеп ұжымына «Газель» автокөлігін сыйға тартты.

Сондай-ақ сол күні Шиеліде емхана ашылды. Оның құрылысы 2012 жылы қараша айында басталған. Барлық емдеу бөлмелері толық медициналық құрал жабдықтарымен жабдықталған. Бұл нысанға да «Дәнекер» ЖШС мердігер мекемесі автокөлік сыйлады.

Сырдария ауданының орталығы - Тереңөзек кентінде ауыз су жүйелерін кеңейту және қайта құрылымдау жұмыстарының 2 кезеңі іске қосылды. Жұмыстың жалпы сметалық құны 1 180,7 млн. теңге. 2013 жылға республикалық бюджеттен 192,342 млн. теңге бөлініп, 11 айдың қорытындысында 152,756 млн. теңге игерілді. Енді үй-үйге құбыр арқылы ауыз су жетіп тұр.

Өңір басшысы, сондай-ақ, шаруа қожалық басшыларымен және инвесторлармен кездесіп, алдағы егін егу жайын сөз етті. Айта кетейік, Қызылорда облысы биыл астық жинаудан рекордтық көрсеткішке ие болды. Сонымен қатар, 2014 жылы Сырдария ауданында 16 жоба жүзеге асады. Олардың ішінде МТС құрылысы, мұнай қалдықтарын өңдеу, цемент және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар, бордақылау алаңы бар.