Шығармашылық және тілдік мамандық бойынша докторантураға түсу талаптары өзгертілді

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында айтты

докторантура
Фото: freepik.com

— Депутаттық сауалда докторантураға түсушілерге қойылатын талаптарды қайта қарау мәселесін көтерген едім. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, мамандығына қарамастан, барлығына ағылшын тілін білетінін растайтын сертификат (IELTS және т. б.) міндетті болатын.

Әрине, ғылымда ағылшын тілінің маңызы зор. Дегенмен, қазақ филологиясы немесе музыка саласындағы талантты зерттеушілердің ғылыми еңбектері ағылшын тілін терең меңгеруді талап етпесе де, тек шет тілі сертификатының жоқтығынан докторантураға түсе алмай жүрген жағдайларды көрдік.

GPT мен Gemini сияқты құралдар шыққанға дейін бұл талаптар орынды болса, қазір жағдай өзгерді. Сауалымда бұл мәселеге сараланған (дифференциалды) тәсіл қолдануды ұсындым, — деді ол.

Ол Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл бастаманы қолдағанын айтты.

- Министрдің № 490 бұйрығымен үлгілік ережелерге өзгерістер енгізілді, - деді ол.

Енді мына білім беру бағдарламаларының топтары бойынша оқуға түсу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификат талап етілмейді. 

1. D005 — Дене шынықтыру педагогтерін даярлау;
2. D006 — Музыка педагогтерін даярлау;
3. D017 — Қазақ тілі мен әдебиетінің педагогтерін даярлау;
4. D018 — Орыс тілі мен әдебиетінің педагогтерін даярлау.

— Сонымен қатар, сауалымда үміткердің шынайы ғылыми әлеуетін бағалау үшін түсу кезінде эссе жазудың орнына Research Proposal (зерттеу жоспары) дайындауды енгізуді ұсынған болатынмын. Министрлік бұл ұсыныстың қабылданғанын хабарлады. Research Proposal енгізу және тәуелсіз сарапшыларды тарту нормасы 2026-2027 оқу жылынан бастап іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Дегенмен, Scopus бойынша талаптарды өзгерту, тізімді басқа да шығармашылық бағыттарға кеңейту, тіл емтиханын тапсыру мерзімін оқу соңына ауыстыру (талапты мүлдем алып тастамай) және іріктеу процесінде академиялық адалдықты күшейту сияқты жүйелі ұсыныстарым әзірге жүзеге аспады. Докторантураға қабылдау талаптары мен бағдарламалардың өзін жетілдіру бойынша шараларды әрі қарай қарастыру маңызды, — деді Асхат Аймағамбетов. 

Айта кетелік биыл елде шетелдік 7 ЖОО-ның филиалы жұмысын бастады

Соңғы жаңалықтар