Шығын 100 млн. Ақтөбеде адамдарды алдап, несие рәсімдеткен емші қамалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласында емші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол адамдарды алдап, несие рәсімдеді деген күдікке ілікті.
Ақтөбе қаласында Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды. Емші өзіне сеніп келген адамдарға несие рәсімдетіп, аса ірі көлемде шығын келтірген. Қазір тергеу жүріп жатыр.
— Бүгінгі күні отызға жуық жәбірленуші бар. Тергеп-тексеру барысында Ақтөбе қаласында дәстүрлі емес медицинамен айналысқан әйел анықталды. Ол сырқат баласын емдетуге, мешіт құрылысына, жаңа массаж кабинетін ашуға деп сенімге кірген. Түрлі банктерден бір миллион теңгеден 18 миллионға теңгеге дейінгі сомада несиелер рәсімдеткен. Әйелдің үйіне емделуге келушілер оның айтқанына сеніп, өз аттарына онлайн несиелер рәсімдеген. Ақшаны емшінің есепшотына аударған. Күдікті несиелерді өзі төлейтінін айтып сендіргенімен, уәдесінде тұрмаған. Жәбірленушілердің басым көпшілігі әйелдер. Қазіргі уақытта жәбірленушілерге келтірілген залалдың жалпы сомасы 100 миллион теңгеге жуықтайды, — деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Сонымен бірге осы іс бойынша басқа да жәбірленушілердің бар-жоғы, ақшаны қандай мақсаттарға жұмсағаны анықталып жатыр.
Еске салсақ, Шымкентте жалған құжат жасап, алаяқтықпен айналысқан күдікті іздестіріліп жатыр. Полиция қызметкерлері аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған күдіктінің суретін жариялады.