Шығыс Қазақстан көшелері мен жолдары толассыз жауған қардан тазаланып жатыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында бір күнде қалың қар жауып тастады.

а
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Таңертең «Шемонаиха-Секисовка» жол учаскесінде жүк көліктері мен автобустардың қозғалысына шектеу қойылды. Аймақтың өзге жолдары түн ішінде тазаланып, қайта ашылды. Десе де құтқарушыларға бірқатар жағдайларға жедел әрекет етуге тура келді. Ұлан ауданы Сағыр ауылынан он шақырым жерде ер адам көлігімен қар құрсауында қалып қойған. 

- Құтқарушылар өтімділігі жоғары техникамен оқиға орнына жетіп, ер адамды эвакуациялап, Өскемен қаласына жеткізді. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ, - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.

Құтқарушылар ауа райы жағдайы нашарлаған кезде қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салды.

- Азаматтарды сақтық танытып, ауа райы нашарлаған сәтте елді мекендерден шықпауға шақырамыз, - делінген ақпаратта.

Ал Өскеменнің өзінде коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қала көшелерінде тракторлар, автогрейдерлер, тиегіштер және басқа да жол тазалау техникалары жұмылдырылған. Мердігер ұйымдар күшейтілген режимге көшіп, магистральдар, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер аймақтары тазалануда.

- Аяқ астынан қыс басталды. Бір күнде қаланы қар басты. Біз үздіксіз жұмыс істеудеміз. Аялдамалар мен тротуарларды қардан ашып жатырмыз. Техникалар да бір тоқтамайды, - дейді «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорнының қызметкері Боранбай Әділетбек.

Коммуналдық қызметкерлерге еріктілер де қолдау көрсетіп жатыр. «Мейірімді Шығыс» акциясы аясында олар түнде жұмысшыларға ыстық шай таратты.

- Қаланы күндіз-түні қардан тазартып жатқан жандарға көмектесу - біздің ортақ міндетіміз», - деді штаб өкілдері.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда тұрғындарға 112 нөміріне хабарласу қажеттігі ескертілді.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында ауа райының нашарлауына байланысты ескерту жарияланғаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар