Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шығыс Қазақстан облысында 130-дан астам қоқыс үйіндісі анықталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында биыл 6 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды.

Шығыс Қазақстан облысында 130-дан астам қоқыс үйіндісі анықталды
Видеодан алынған кадр

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір полицейлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау және қоршаған ортаны ластау деректерін анықтау мақсатында күн сайын рейдтер өткізіп келеді.

— Бүгінде өңірде 16 мобильді топ жұмыс істейді. Олардың жұмысының нәтижесінде 6 195 әкімшілік құқықбұзушылық, оның ішінде 5 057 — абаттандыру қағидаларын бұзу, 1 138 — ортақ пайдаланылатын орындарды ластау дерегі анықталды, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, биыл 133 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, олардың 108-і жойылды. Қалған үйінділерді жою жұмыстары жалғасып жатыр.

— Құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалардың атына олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 80 ұсыныс енгізілді. Осы ретте, өңір тұрғындарын қоршаған ортаға ұқыпты қарап, абаттандыру қағидаларын сақтауға шақырамыз. Өңір тазалығы — әр азаматтың жауапкершілігі, — делінген ақпаратта.

Еске салайық, осыған дейін Астанада абаттандыру қағидаларын бұзған 27 мыңнан астам адамға айыппұл салынғаны хабарланған еді.