Шығыс Қазақстанда мамыр айында ауа райы құбылмалы болмақ

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында көктемнің соңғы айында күн біресе суытып, біресе ысып, ауа райы құбылып тұрады.

весна, почки, погода, ауа райы, көктем
Фото: Агибай Аяпберегнов / Kazinform

«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мәліметінше, айдың басы біршама жылы басталады. Мамырдың алғашқы күндері күндіз ауа температурасы +14…+19°С-қа дейін жылынады, алайда түнде әлі де үсік жүруі мүмкін. Ал алғашқы онкүндіктің соңына қарай температура айтарлықтай көтеріліп, кей жерлерде +26…+31°С-қа жетеді.

- Ай бойы жылынудан кейін қысқа мерзімді салқындау байқалып, артынша қайтадан ыстық ауа райы оралады. Мұндай құбылмалы жағдайлар өңірдегі көктем мезгіліне тән, - делінген ақпаратта. 

Екінші онкүндікте ауа райы қайта өзгереді. Қысқа уақыттық салқындау кезінде күндізгі температура +16…+21°С, түнде +5…+10°С шамасында болады. Одан кейін жылу қайта оралып, кей аудандарда +30…+35°С-қа дейін ыстық күтіледі. Алайда онкүндік соңына қарай аптап бәсеңдейді.

Ал үшінші онкүндікте ауа райы ысығанымен, кейін температура күрт төмендейді. Күндіз +10…+15°С-қа дейін салқындап, түнде 0…+5°С-қа дейін түседі. Таулы жерлерде -5°С-қа дейін үсік болуы мүмкін.

Ай соңына қарай температура қайтадан көтеріле бастайды. Жалпы алғанда, мамыр айы өңірде құбылмалы ауа райымен ерекшеленеді.

Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да сәуір айында ауа райы қандай болатындығы жайлы жазғанбыз.