Шикізаттық емес экспорт: Қазақстан шетелге қандай тауарлар жөнелтіп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның экспорттық құрылымы дәстүрлі мұнай, уран және металдарға тәуелділіктен шығып, біртіндеп әртараптанып келеді. Дәнді дақылдар мен майлы өнімдер, фармацевтика, дайын жем-шөп және қызмет көрсету салаларының үлесі артқанымен, шикізаттан тыс экспорттың нақты әлеуеті қаншалықты толық пайдаланылып жатыр? Ел экономикасына қосатын тиімділігі қандай? Осы сұрақтарға Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы жауап іздеді.

экспорт ва импорт
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Шетелге шығарылатын отандық тауарлар

Соңғы жылдары Қазақстан экономикасы біртіндеп әртараптандырылып келеді. Экономикалық зерттеулер институтының дерегінше, негізгі экспорттық тауарлардың қатарында бидай бар, оның жылдық сатылымы шамамен 236 миллион долларды құрайды. Сонымен қатар, күнбағыс майы да экспорттың негізгі өнімдерінің бірі, оның табысы жылына 109 миллион доллардан асады.

Шикізаттан тыс экспорттың дамуын елдер бойынша көрсеткіштерді қарасақ, нақты көрініс ашылады. АҚШ нарығына Қазақстаннан сутегі, инертті газдар және басқа бейметалдар экспортталады. Бұл шамамен 16 миллион долларды құрайды. Сондай-ақ оптикалық талшық, линза, призма, айна сияқты элементтер мен бидай желімтегі де маңызды орын алады, әрқайсысы шамамен 4 миллион доллар көлемінде экспортталады.

Түркия нарығында негізгі шикізаттан тыс тауарлар қатарына мұнай өнімдері, пропилен полимерлері, кептірілген бұршақ дақылдары мен мақта талшығы кіреді. Бұл тауарлар жалпы 78 миллион доллар көлемінде экспортталады.

Қырғызстанға экспортталатын тауарлар қатары да әртүрлі: мұнай өнімдері, қант қосылған минералды және газдалған сулар, темекі өнімдері, бидай, кокс пен мұнай битумы, бидай немесе қара бидай ұны, цемент және қоспаланбаған болаттан жасалған шыбықтар бар. Бұл тауарлардың экспорттық көлемі 72 миллион АҚШ долларына дейін жетеді.

Еуропалық нарықта Қазақстан фармацевтикалық өнімдер, фанера, панельдер, тағам өнімдері, қарақұмық, косметикалық және тері күтіміне арналған өнімдерді экспорттайды. Германияға шикізаттан тыс экспорт негізінен фосфордан тұрады.

Қытаймен саудада Қазақстанның дәстүрлі тауарлары әлі басым болса да, соңғы жылдары әртараптандыру үрдісі экспортқа да әсер етті. Енді алғашқы экспорттық ондыққа жануарларға арналған дайын жемшөптер, майлы өнімдер кіріп, тұз, күкірт, цемент және қорғасын сияқты дәстүрлі тауарлар орнынан ығыстырылуда. Сонымен қатар, жабдықтар, қазандықтар және пластмасса бойынша алғаш рет үлкен көлемде экспорт байқалады. Шикізаттан тыс жаңа бағыт ретінде «реакторлар үшін отын элементтері» пайда болды. Олардың экспорт көлемі 255–279 миллион АҚШ долларына жетеді.

экспорт
Инфографика: Kazinform

Осылайша, Қазақстанның шикізаттан тыс экспорттық әлеуеті ел экономикасының әртараптандыруын көрсетіп отыр. Бұл қадам елімізді әлемдік нарықта тек шикізат жеткізуші емес, сапалы тауарлар мен өнімдердің бәсекеге қабілетті жеткізушісі ретінде танытатыны сөзсіз.

Қазақстандық өнімдердің халықаралық брендке айналуы

Мысалдардан аңғарғанымыздай, Қазақстанның мұнай өнімдерінің халықаралық брендке айналу мүмкіндігі шектеулі. Себебі нарықтағы бәсеке өте жоғары, ал біздегі шикізат кейде ауыр және күкірт қосылған. Ал дәнді дақылдар, әсіресе желімтегі жоғары қатты сортты бидай, керісінше, халықаралық брендке айналуға қабілетті. Қазіргі таңда бұл тауар әлемдік нарықта сұранысқа ие. Қазақстандық майлы дақылдардың да нарықтағы орны өсіп келеді.

бидай
Фото: Pixabay

Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің шетелдік нарықта өз орнын табуға жоғары мүмкіндігі бар, бірақ бұл үшін тиімді қолдау, маркетинг, сапалы орама жасау, халықаралық стандарттарға сәйкестік және бәсекеге қабілетті баға сияқты факторларды ескеру қажет.

Қызмет көрсету саласының экспорттық әлеуеті

Қазақстанның индустриялық базасы мен өңдеуші өнеркәсіп әлеуетіне қоса, қызмет көрсету экспорты да маңызды рөл атқарады. Соңғы онжылдықта экспорт көлемі екі есе өсті, ал саудадағы қызмет көрсету теңгерімі төрт есе жақсарды. 2013–2024 жылдар аралығында экспорт 5,9 млрд доллардан 11,8 млрд долларға жетсе, импорт 14,1 млрд доллардан 13 млрд долларға дейін төмендеді. Нәтижесінде, қызмет көрсету саудасының балансы 6,8 млрд долларға жақсарды. Экспортқа елеулі үлес қосқан негізгі салалар: транспорт қызметтері (құбыр, теміржол, әуе), құрылыс саласы, қаржы, компьютерлік, телекоммуникациялық, сәулет және инженерлік қызметтер, ауыл шаруашылығы мен пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы қызметтер, сақтандыру, бизнеске консультация және басқару қызметтері құрал-жабдықтарды персоналсыз жалға беру (операциялық лизинг).

экспорт
Инфографика: Kazinform

Ал қызметтерді импорттау бағытында жеке сапарлар, қаржылық қызметтер, зияткерлік меншік, IT-телеком және компьютерлік қызметтер, бизнеске және басқаруға арналған консультациялар, жарнама және нарықты зерттеу, сәулет, инженерлік және басқа да техникалық қызметтер, аудиовизуалды қызметтер және персоналсыз құрал-жабдықты жалға беру әлі де жоғары болып отыр.

Сонымен қатар, 2013 жылдан бері онға жуық қызмет саласында экспорт көрсеткіштері өте төмен. Бұл салалар әлі толық пайдаланылмай отыр. Оларды дамыту үшін арнайы мемлекеттік қолдау мен жеке инвестицияларды тарту қажет. Мысалы, құрылыс саласында салынған ғимараттар мен нысандар әлі көбіне ішкі нарыққа арналған, ал қызмет көрсету әлеуеті болса да шетелдік нарыққа толық шыққан жоқ. Алайда білім беру, медицина, логистика және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы қызметтерді экспорттау әлеуеті жоғары.

экспорт
Инфографика: Kazinform

Экспорттың ішкі нарыққа ықпалы

Негізі мемлекеттер тек ішкі нарық толық қамтамасыз етілген соң ғана тауар не қызметті экспортқа жібереді. Алайда жаһандану дәуірінде әлемдік сұраныс тез өзгеріп, баға тұрақсыздығы айтарлықтай артады. Сол себепті Қазақстаннан жасалатын экспорт көлемінің ұлғаюы кейде ішкі нарықтағы бағаның көтерілуіне алып келуі мүмкін.

Үкімет бұл ықтимал жағдайды ескеріп, өндірушілер қауымдастықтары мен кәсіпкерлер бірлестіктерімен нақты келісімдерге келеді. Мысалы, майлы дақылдар өндірушілермен келісім бойынша өсімдік майының литрі ішкі нарықта 750 теңгеден сатылады. Мұны реттейтін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» тетігі жұмыс істейді. Ұқсас келісімдер басқа салаларда да қолданылады. Мысалы, «Теңізшевройл» серіктестігі 2025 жылы ішкі нарыққа 240 мың тонна сұйытылған газ жеткізуге міндеттелді. Мұнай өнімдері бойынша да ұқсас келісімдер бар. Осындай механизмдер арқылы баға өсімін тежеуге мүмкіндік жасалады.

Еуропадағы қымбатшылық астарында не жатыр
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Сапа мәселесіне келсек, жаһандық нарықтағы қатал бәсеке қазақстандық өндірушілерді өндіріс қуаттарын үздіксіз жаңартуға, кадрларды оқытуға және тауар орамасын жетілдіруге мәжбүр етеді. Бұл талаптар шикізаттан тыс өнімдердің сапасының артуына, тауарлардың маркалануы мен халықаралық нарықтағы танымалдығының өсуіне септігін тигізеді.

Соңғы жаңалықтар