Шикізаттық емес экспорт көлемі 23,4% өсті

АСТАНА.KAZINFORM – 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында шикізаттық емес тауарлар бойынша сыртқы сауда айналымы 20,4 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5%-ға өсті. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы сыртқы сауда көрсеткіштерінің қорытындысында көрсетілген.

Экспорт Грузии вырос более чем на 20% с начала 2026 года
Фото: Bizbrains Advisors

Ондағы леректерге қарағанда, шикізаттық емес экспорт көлемі бірден 23,4%-ға артып, 6,9 млрд АҚШ долларына жетті.

-Бұл көрсеткіштер сыртқы сауда құрылымындағы сапалы өзгерістердің күшейіп келе жатқанын аңғартады.
Шикізаттық емес экспорттың негізгі драйверлері мыс пен мыс катодтары, күміс, уран, ферроқорытпалар, мал азығына арналған өнімдер және күнбағыс майы болды. Атап айтқанда, күнбағыс майының экспорты шамамен 60%-ға өсіп, 277,8 млн АҚШ долларына жетті. Бұл қазақстандық қайта өңделген агроөнеркәсіп өнімдерінің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Ал ферроқорытпалар экспортының 20,1%-ға ұлғаюы металлургия саласының нығайып, отандық өнеркәсіп өнімдерінің экспорт географиясының кеңейіп келе жатқанын дәлелдейді,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда Қазақстанның сыртқы сауда географиясы әртараптандырылған құрылымын сақтап отырғаны айтылған.

Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша Қытай 7,8 млрд АҚШ долларын құраған тауар айналымымен және жалпы сыртқы сауда көлеміндегі 23,8% үлесімен еліміздің ең ірі сауда серіктесі болды. Ресей 6,5 млрд АҚШ долларын құрайтын сауда көлемімен екінші орынды сақтап, импорт пен өнеркәсіптік кооперация бағытындағы негізгі әріптестердің бірі болып қалды. Сонымен қатар Италия, Түркия және Өзбекстан да Қазақстанның ірі сауда серіктестері қатарынан көрінді. Италиямен арадағы тауар айналымы 3,4 млрд АҚШ долларынан асып, оның ішінде қазақстандық экспорт көлемі 3 млрд АҚШ долларынан жоғары болды.

Осыған дейін биылғы бірінші тоқсанда сыртқы сауда айналымы 32,9 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайғаны туралы жаздық