Биылғы бірінші тоқсанда еліміздің сыртқы сауда айналымы 10,5 пайызға артты

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан биылғы жылдың бірінші тоқсанын сыртқы сауда көрсеткіштерінің қарқынды өсімімен қорытындылады, деп хабарлайды ҚР сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.

трансграничная торговля
Фото: GettyImages

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, іскерлік белсенділікті жоғары деңгейде сақтап, экспорттық әлеуетті кеңейту арқылы елдің тауар айналымы 32,9 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға артты.

2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 29,8 млрд АҚШ долларын құраған. Қалыптасқан оң динамика сыртқы экономикалық сектордың тұрақтылығын және қазақстандық экспорт құрылымында жоғары қосылған құны бар өнімдердің үлесі артып келе жатқанын көрсетеді.

2026 жылғы қаңтар–наурыз айларында экспорт көлемі 9,4%-ға өсіп, 18,0 млрд АҚШ долларын құрады. Ал импорт көлемі 14,9 млрд АҚШ долларына жетіп, 2025 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 11,8%-ға ұлғайды. Импорт өсімі негізінен өнеркәсіп, энергетика және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға қажетті инвестициялық және технологиялық тауарларды сатып алу көлемінің артуымен байланысты. Әсіресе электр генераторлық қондырғылар импортының көлемі бес еседен астам өсіп, 416,8 млн АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар газ турбиналары мен авиациялық қозғалтқыштар, мұнай өнімдері, теміржол локомотивтері, сондай-ақ шикізатты өңдеу мен сұрыптауға арналған жабдықтар импорты айтарлықтай артты.

-Мұндай құрылым экономикадағы инвестициялық сұраныстың жоғары деңгейде сақталғанын және инфрақұрылымдық әрі индустриялық жобалардың белсенді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді,-делінген хабарламада.

Ұлттық экономика министрлігі елдегі жалақы өсіміне қатысты түсінік берді