Шымбұлаққа апаратын жолдың жабылуына байланысты аспалы жолдың жұмыс уақыты ұзартылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Медеу – Шымбұлақ» тау шаңғы курорты аспалы жолының жұмыс уақыты ұзартылады.
Тау курортының мәліметінше, 25 шілдеден бастап 31 тамызға дейін «Медеу – Шымбұлақ» аспалы жолының жұмыс уақыты бір сағатқа ұзарды. Осылайша, аспалы жол күн сайын таңғы 09:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді.
Еске салайық, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына апаратын Медеу — Тұйықсу автожолында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүргізіледі.
Осыған байланысты 2026 жылы 24 шілде мен 30 қараша аралығында Медеу — Тұйықсу автожолында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Алайда Шымбұлақ шатқалындағы туристік нысандар қалыпты режимде жұмысын жалғастыра береді. Жол төтенше жағдайлар және апаттық қызметтердің көліктеріне, шатқал тұрғындарына, сондай-ақ арнайы техникаға ашық болады.
Жаяу туристер үшін шатқал мен туристік нысандарға кіру мүмкіндігі сақталады. Балама бағыт ретінде Студенттер соқпағын пайдалану ұсынылады. Бағыт «Медеу» бөгеті жанындағы № 12 және № 21 автобус бағыттарының соңғы аялдамасынан басталып, бөгеттің төменгі жағымен өтіп, «Горельник» визит орталығына дейін жалғасады.
Бұған дейін Үлкен Алматы көлінің маңы қалай өзгеретінін жазғанбыз.