Аспалы жол мен туристік соқпақ: Үлкен Алматы көлінің маңы қалай өзгереді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Үлкен Алматы көлі маңында туристік инфрақұрылымды дамыту жобалары қолға алынды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, «Алматы — Космостанция» автожолы, сондай-ақ «Алма-Арасан» шипажайына апаратын кіреберіс жол күрделі жөндеуден өтеді. Жоба аясында ұзындығы 26,5 шақырым жол толық жаңартылып, автотұрақ салынады. Бұл көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, аталған аумақтағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар Үлкен Алматы көліне апаратын аспалы жол станциясының тұжырымдамасы әзірленген.
— Жоба экологиялық таза көлік түрін дамытуға, шаһардың ең танымал туристік орындарының біріне қолжетімділікті арттыруға және табиғи аумаққа түсетін антропогендік жүктемені азайтуға бағытталған, — деп хабарлады әкімдіктен.
Үлкен Алматы көліне апаратын жүргіншілер соқпағын көркейту жобасына да ерекше назар аударылып отыр. Бұл бағытта құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Жалпы жоба аясында ұзындығы 5,3 шақырым болатын заманауи туристік соқпақ салынады. Онда келушілердің қауіпсіз әрі жайлы қозғалысы үшін қажетті инфрақұрылым қарастырылады.
Маршрут бойына бағыттаушы белгілер мен ақпараттық стендтер орнатылып, демалыс орындары, шолу алаңдары, фотоаймақ, күрделі учаскелерде баспалдақтар мен өткелдер, сондай-ақ шағын сәулеттік нысандар орнатылады.
Еске салайық, Алматыдан көлге баратын жол 2020 жылдан бері жеке көліктер үшін жабық деуге болады. Тек 2023 жылы «Алматы–Космостанция» автожолының 8-34 шақырым аралығы 1 айға жуық ашылып, сол жылдың қыркүйегінде қайта жабылды.
2025 жылдың ақпан айында «Алматы-Космостанция» автожолы (8-34 км) «ҚазАвтоЖол» қарамағынан Алматы әкімдігінің иелігіне берілді.
Биыл Үлкен Алматы көліне дейін жаяу жүргіншілер жолы салынатыны белгілі болды.