Шымкент әуежайында ескі ұшу-қону жолағы рейстерге кедергі келтірді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Ұшу-қону жолағының техникалық шектеулері салдарынан Шымкент әуежайында рейстер жиі кешігіп, тоқтатылған.
Шымкент халықаралық әуежайында құны 40 млрд теңгеден асатын жаңа ұшу-қону жолағын салу жобасы жүзеге асып жатыр. Қазіргі қолданыстағы ұшу-қону жолағы шамамен 50 жыл бұрын пайдалануға берілген. Оның жөндеу көрмегеніне де 20 жылға жуықтаған.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2007 жылы жүргізілген. Кезекті жаңғырту жұмыстары 2027 жылға жоспарланған еді. Алайда бұл жағдайда әуежай жұмысының ұзақ уақытқа тоқтап қалу қаупі туындаған.
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ талаптарына сай ескі ұшу-қону жолағын 300 метрге ұзарту қажеттігі қарастырылған. Дегенмен мұндай жұмыстарға шамамен 10 млрд теңге қажет, ал әуежайдың санитарлық аймағында орналасқан 308 нысанды мемлекет қажетіне сатып алу үшін қосымша 30 млрд теңгеден астам қаржы жұмсау керек болатын. Осы факторлар жаңа жобаға басымдық беруге негіз болды.
Сонымен қатар қазіргі ұшу-қону жолағы тұрғын үйлерге тым жақын орналасқандықтан, бұған дейін бірқатар рейстерге шектеу қойылған. Ал жаңа жолақ тұрғын үйлерден алыс аумақта салынып жатыр.
– Жаңа жолақтың ұзындығы 3 500 метр, ені 60 метр болады және ИКАО-ның ІІІ санатына сәйкес салынады. Сондай-ақ ІІІ санаттағы жоғары қарқынды жарық-сигналдық жабдық орнатылады. Бұл әуежайға ауа райы қолайсыз, тіпті нөлдік көріну жағдайында да әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді, - делінген ведомствоның ұсынған жауабында.
Қазіргі уақытта әуежайда тек І санатты жарық-сигналдық жабдық қолданылып келеді. Мәселен, 2023 жылы тұман салдарынан рейстердің шамамен 30 пайызы тоқтатылған, кешіктірілген. Жаңа ұшу-қону жолағының төзімділік көрсеткіші енді 1,6 есе артып, жоғары салмақты жүк және заманауи жолаушы ұшақтарын ешқандай шектеусіз қабылдауға жол ашады. Жалпы құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жоба авиация саласымен ғана шектелмейді. Болашақта әуе, теміржол және сауда бағыттарын біріктіретін ірі логистикалық орталық құру көзделіп отыр.
Бұдан бұрын Шымкент қаласындағы әуежайдың санитарлық қорғау аймағында орналасқан нысандарға қатысты шешімі өзгергенін жазған едік.
Сонымен қатар жобаның құрылысын жүзеге асыратын мердігер анықталғанын хабарлаған болатынбыз.