Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкент дендросаябағында бұралқы иттер әйелге шабуыл жасап, жарақаттады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкенттегі дендросаябақта серуендеп жүрген әйелді бұралқы иттер тістеп алды. Оқиғадан кейін ол медициналық көмекке жүгініп, полицияға арызданған.

Шымкент дендросаябағында бұралқы иттер әйелге шабуыл жасап, жарақаттады
Фото: Видеодан скрин

Зардап шеккен тұрғынның айтуынша, ол дендросаябақта күн сайын кешкі уақытта шамамен бір сағат серуендейді.

— Әдеттегідей саябақта серуендеп жүргенмін. Веложолда келе жатқанымда талдардың арасынан 10 шақты ит шығып, маған тап берді. Жақын жердегі бағанға барып тұрдым. Екі ит аяғыма жабысып, біреуі қолымды тістеп жарақаттады. Көмек сұрап айқайладым. Адамдар иттерден қорқып, жақындай алмады. Кейін екі бала келіп, көмектесті. Олар жедел жәрдем шақырды, — деді тұрғын. 

Оқиғадан кейін әйел жарақатына байланысты медициналық көмек алған. Сондай-ақ оған тиісті екпелер салынған. Ол болған жағдайға байланысты полицияға арыз түсірген.

Оқиғаға қатысты Шымкент қаласы полиция департаменті түсініктеме берді. Полиция мәліметінше, дендросаябақ аумағында бұралқы иттердің әйелге шабуыл жасағаны туралы ақпарат түскеннен кейін қызметкерлер оқиға орнына жедел барған.

— Иттерді аулау жөніндегі мамандандырылған қызмет шақырылып, саябақ аумағында қажетті жұмыстар жүргізілді. Ұсталған иттер тиісті қызмет мамандарына тапсырылды, — делінген хабарламада.

Ал Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының хабарлауынша, дендросаябақ аумағынан № 2 аулау бригадасы 8 ит ұстап, уақытша ұстау орталығына жеткізген.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қаладағы қаңғыбас жануарлар санының көбеюіне үй жануарларын қараусыз қалдыратын иелерінің жауапсыздығы себеп болып отыр.

— Қала аумағында қараусыз қалған және бұралқы жануарларды аулау жұмыстары азаматтардың өтінімдері негізінде «Ветеринариялық қызмет» МКК-ның аулау қызметі тарапынан ізгілікті тәсілмен, қарғыбау қолдану арқылы жүзеге асырылады. Әрбір келіп түскен өтінім бойынша аулау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Жалпы жыл басынан бері қалада 30 мыңға жуық бұралқы ит пен мысық ауланды, — деп мәлімдеді басқарма.

Ресми мәліметке сәйкес, биыл қалада жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнама талаптарын сақтамаған 50-ге жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға жалпы 930 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Бұған дейін Шымкенттегі саябақта аттракционның тросы үзіліп, қыз баланың қолы сынғанын жазған едік.