Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкенттегі саябақта аттракционның тросы үзіліп, қыз баланың қолы сынды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкенттегі саябақтардың бірінде қыз бала джампинг-аттракционынан құлап, қолын сындырды. Қыздың анасының айтуынша, секіру кезінде тростардың бірі үзіліп кеткен. Полиция қылмыстық іс қозғады.

джампинг-аттракцион
Фото: pexels

Оқиға 8 тамыз күні Бәйдібек би даңғылындағы «Жайлаукөл» саябағында болған. Отбасы балаларымен бірге саябаққа шамамен сағат 19:00-де барған. Екі сағаттай уақыт өткен соң қыз джампинг-аттракционына отырған.

Қыздың анасының айтуынша, секіру кезінде тростардың бірі үзіліп, салдарынан бала құлап, қолын сындырған. 

– Біз балаларымызбен бірге серуендеу үшін саябаққа келген едік. Сағат тоғыз шамасында қызым джампинг-аттракционына отырды. Секіру кезінде трос үзіліп, ол құлап, қолын сындырып алды. Шымкент әкімдігінен саябақ әкімшілігін және аттракциондардың техникалық жағдайын тексеруді сұраймын. Мұнда күн сайын көптеген бала келеді. Бұл – бала қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе, – деді қыздың анасы.

Қыздың анасы оқиғадан кейін саябақ әкімшілігі отбасыдан кешірім сұрамағанын да жеткізді.

Алайда «Жайлаукөл» әкімшілігі бұл пікірмен келіспеді. Саябақ өкілдерінің айтуынша, қызметкерлер оқиғаға бірден әрекет етіп, жедел жәрдем шақырған және зардап шеккен қызды ауруханаға жеткізуге көмектескен.

– Оқиға болған сәттен бастап біз қыздың ата-анасымен және жақындарымен байланыста болдық, оның жағдайына алаңдайтынымызды білдіріп, кешірім сұрадық. Сондықтан әлеуметтік желілерде тараған «әкімшілік тіпті кешірім де сұрамады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Біз бұл жағдайды назардан тыс қалдырған жоқпыз және адамдардың денсаулығына қатысты мәселелерге немқұрайлы қарамаймыз, – деп мәлімдеді саябақ әкімшілігі.

Сонымен қатар «Жайлаукөл» әкімшілігі джампинг-аттракционының өз қарамағында емес екенін атап өтті. Аттракцион саябақ аумағында қызмет көрсететін жалға алушыға тиесілі.

Әкімшілік болған жағдайға қатысты жауапкершіліктен жалтармайтынын және оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға мүдделі екенін мәлімдеді.

– Біз дауласуға, кінәні бір-бірімізге артуға немесе болған жағдайды жасыруға ниетті емеспіз. Барлық мән-жай заңда белгіленген тәртіппен анықталғанын қалаймыз. Қазір біз үшін ең маңыздысы – зардап шеккен қыздың денсаулығы. Оған тезірек сауығып кетуін тілейміз, – делінген әкімшілік хабарламасында.

Шымкент қаласы полиция департаментінің хабарлауынша, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

– Қаладағы аттракциондардың бірінде кәмелетке толмаған баланың жарақаттануына себеп болған, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады, – деп мәлімдеді полиция департаментінен.

Бұған дейін Қызылордадағы саябақтардың бірінде жас жігіттің аяғы аттракционға қысылып қалып, ауыр жарақаттанғаны хабарланған. Осы оқиға бойынша да полиция қылмыстық іс қозғаған.