Шымкентке 3 өңірдің полиция қызметкерлері келді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент көшелерінде соңғы күндері полиция патрульдерінің саны артқаны байқалады. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында алаңдаушылық тудырды.

Шымкентке 3 өңірдің полиция қызметкерлері келді
Фото: видеодан алынған скрин

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, қала көшелерінде полиция экипаждары жиілеген. Кейбір жазбаларда көлік базарларында жүргізушілердің автокөлікке қажетті құрал-жабдықтарды жаппай сатып алып жатқанын көруге болады.

Полиция департаментінің мәліметінше, қалада 19-26 сәуір аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылып отыр. Осы мақсатта Шымкентке үш өңірден — Қарағанды, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан қосымша полиция күштері тартылған.

— Бұл — құқық бұзудың алдын алу тиімділігін арттыруға, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған кешенді шара. Мұндай тәжірибе елімізде кеңінен қолданылады және патрульдеу ауқымын кеңейтіп, құқық бұзуға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, — делінген қалалық полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Ресми мәліметке сәйкес, іс-шараның алғашқы күнінде қала аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 1561 дерегі тіркелген. Оның ішінде рөлде отырып ұялы телефон қолданудың — 117, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарудың — 18, мас күйінде көлік басқарудың 3 дерегі және басқа да құқық бұзушылықтар анықталды.

— Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 72 автокөлік айып тұрағына қойылды. Тәртіп бұзған жүргізушілерге қатысты заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды, — деп хабарлады полиция өкілдері.

Бұдан бұрын Шымкентте автокортеж жол ережесін өрескел бұзғанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар