Шымкентте 1,4 млрд теңгелік жоба неге тоқтап қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Шымкентте прокуратураның араласуынан кейін 1,4 млрд теңге инвестиция тартуды және 100 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін жобаны іске асыруға кедергі болған мәселе шешілді.
Еңбекші ауданының прокуратурасы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында «YUG PLASTIC KZ» ЖШС жобасын жүзеге асыруға кедергі келтірген мәселелерді анықтаған.
Компания «Жұлдыз» индустриялық аймағында инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында 1,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 100 жұмыс орнын ашу жоспарланған.
«Бизнес Шымкент» өңірлік үйлестіру кеңесінің 2026 жылғы 22 сәуірдегі шешімімен серіктестікке дайын өнім қоймасын салу үшін қосымша 1 гектар жер учаскесі бөлінген.
Алайда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компаниясы» АҚ тарапынан индустриялық аймақ қатысушысы ретінде қызмет жүргізуге және жер учаскесін уақытша пайдалануға қажетті шарттар уақтылы рәсімделмеген. Соның салдарынан инвестор жобаны одан әрі толыққанды жүзеге асыруға кірісе алмаған.
– Прокуратураның араласуы нәтижесінде қажетті шарттар инвестормен рәсімделіп, анықталған кедергілер жойылды. Прокуратура инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау бағытындағы жұмысты жалғастырады, – делінген хабарламада.
Осылайша, инвесторға бөлінген жер учаскесін пайдалануға және инвестициялық жобаны әрі қарай жүзеге асыруға қажетті құқықтық рәсімдер аяқталды.
Айта кетейік, Қарағандыда инвесторларға негізсіз қаржылық санкциялар қолданылған.