Шымкентте 2-3 қыркүйекте бірқатар шағынауданда газ өшіріледі
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте бірнеше шағынаудан мен индустриалды аймақта газ беру екі тәулікке тоқтатылады. Шектеу газ желілерін күзгі-қысқы кезеңге дайындау жұмыстарына байланысты енгізіледі.
Газ беру уақытша Тұран-1 және Тұран-2 шағынаудандарында, Жолбарыс би көшесіндегі үйлерде, «Адия» тұрғын үй кешенінде, сондай-ақ «Тассай» индустриалды аймағындағы өндірістік кәсіпорындарда тоқтатылады.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиалының мәліметінше, уақытша шектеу Тұран-2 шағынауданындағы 108 тұрғын үйді қамтиды. Бұдан бөлек компания жариялаған тізімде 204 көпқабатты үй көрсетілген. Екі тәулік ішінде мамандар газ құбырларын қайта қосу жұмыстарын жүргізеді.
— Күзгі-қысқы кезеңге дайындыққа байланысты 2-3 қыркүйек күндері газ беру екі тәулікке уақытша тоқтатылады. Осы аралықта газ құбырларын қайта қосу жұмыстары жүргізіледі. Аталған аумақтардың тұрғындарынан барлық газ құрылғылары мен крандардың жабық болуын қадағалауды, ал газ қайта берілген кезде филиал қызметкерлерінің үйлерге кіріп-шығуына мүмкіндік жасауды сұраймыз. Газдың иісі сезілген жағдайда дереу 104 нөміріне хабарласу қажет, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Шымкентте жер қазу жұмыстары кезінде жерасты газ құбыры зақымдалып, өрт шыққан болатын. Салдарынан 1500-ден астам жеке үй, жеті көпқабатты үйдегі 340 пәтер, сондай-ақ ондаған коммуналдық-тұрмыстық және өндірістік нысан уақытша газсыз қалған. Жұмысты жүргізген мердігер ұйымға қатысты тексеру басталды.