Шымкентте 1500-ден астам үй мен бірқатар нысан газсыз қалды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте газ құбырының зақымдануына байланысты шамамен 1500 жеке үй, жеті көпқабатты тұрғын үй, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік нысандарға газ беру уақытша тоқтатылды.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиалының мәліметінше, 24 тамыз күні сағат 23:33-те Қаратөбе тасжолы, 38/1 мекенжайындағы газ құбырының зақымданғаны туралы хабар авариялық-диспетчерлік қызметке түскен. Авариялық бригада оқиға орнына сағат 23:56-да жеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, қолданыстағы жерасты полиэтилен газ құбыры көлденең бағытталған бұрғылау әдісімен жер қазу жұмыстары кезінде зақымданған.
– Алдын ала мәлімет бойынша, «Брим» ЖШС жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде Шымкент өндірістік филиалының балансындағы газ құбырын зақымдаған. Салдарынан газ шығып, өрт тұтанған. Ашық жалын жүк көлігі мен бұрғылау жабдықтарын шарпыған, – деп хабарлады компания.
Авариялық бригада газдың шығуын оқшаулап, 200 миллиметрлік газ құбырының тиісті бөлігін жапты. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері өртті сөндіріп, жалынның жақын маңдағы тұрғын үйлерге таралуына жол бермеді.
50 метр радиуста газдың таралуы анықталған жоқ. Газ қызметі мен мердігер ұйым жұмысшылары арасында зардап шеккендер тіркелмеді.
Апат салдарынан газ беру уақытша тоқтатылып, жеке сектордағы шамамен 1500 үй, жалпы 340 пәтерлі жеті көпқабатты тұрғын үй, 11 коммуналдық-тұрмыстық нысан және тоғыз өнеркәсіптік кәсіпорын газсыз қалды.
– Алдын ала мәлімет бойынша, қолданыстағы газ құбырын жер қазу жұмыстары кезінде зақымдаған «Брим» ЖШС кінәлі тарап болып отыр. Оқиғаның нақты себептері мен жауапкершілік деңгейі техникалық тексеру, сондай-ақ жұмыс жүргізуге қажетті рұқсат құжаттары мен келісімдерді тексеру нәтижелері бойынша анықталады, – деп атап өтті «QazaqGaz Aimaq» АҚ.
Оқиға орнына Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері шақырылды. Филиал мамандары топырақты аршу, зақымдану көлемін анықтау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Келтірілген залал бағаланғаннан кейін оны кінәлі тараптан өндіріп алу мәселесі қаралады.
Бұған дейін Шымкентте апат салдарынан бірнеше шағынауданда жарық пен газ өшіп қалғанын жазған едік.