Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкентте 200-ден астам бала ішек инфекциясын жұқтырды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте шілде айының басынан бері ішек инфекциясының 280 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 203 бала диарея, жүрек айну және құсу белгілерімен медициналық көмекке жүгінген.

Шымкентте 200-ден астам бала ішек инфекциясын жұқтырды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 169 жағдайда инфекция тағам арқылы жұққан. Оның 84-і үй жағдайында дайындалған тағаммен, 85-і жеміс-жидекпен байланысты болса, 111 жағдайда аурудың тұрмыстық-қатынастық жолмен жұққаны болжанып отыр.

Мамандардың айтуынша, жазда ішек инфекцияларының таралу қаупі күшейеді.

— Жаз мезгілі ішек инфекцияларының маусымдық өршу кезеңі болып саналады. Ыстық ауа райы ауру қоздырғыштарының белсенді таралуына әсер етеді. Дайын тағамдар тез бұзылады. Дұрыс жуылмаған жеміс-жидекті тұтыну, ашық су айдындарында шомылу және рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алынған дайын тағамды жеу арқылы жұқтыру қаупі артады, — деп түсіндірді Шымкент қаласының санитариялық дәрігерлері.

Тіркелген науқастардың шамамен төрттен үші — 14 жасқа дейінгі балалар. Эпидемиологтар мұны балаларға күтім жасау және тамақтандыру талаптарының сақталмауымен, сондай-ақ жеке бас гигиенасы дағдыларының жеткілікті деңгейде қалыптаспауымен байланыстырады.

Сонымен қатар департамент әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған қауын-қарбыздан жаппай улану туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, шілде айында қарбыз, қауын немесе нитраттарға байланысты бірде-бір улану жағдайы тіркелмеген.

— Ішек инфекцияларын көбіне «лас қол ауруы» деп атайды. Сондықтан тамақ дайындау және тамақтану алдында, көшеден келгеннен кейін, дәретханаға барған соң және балаға күтім жасар алдында қолды сабындап мұқият жуу қажет. Кездейсоқ саудагерлерден дайын тағам сатып алмау, тез бұзылатын азық-түлікті бөлме температурасында қалдырмау және сапасына күмәнді суды ішпеу керек. Егер судың сапасына күмән туындаса, оны қайнатып немесе бөтелкедегі суды пайдаланған жөн. Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда өздігінен емделмей, дереу дәрігерге қаралу қажет, — деді мамандар.

Биылғы алғашқы алты айда Шымкентте ішек инфекциясының 473 жағдайы тіркелген. Былтырғы осы кезеңде бұл көрсеткіш 482 болған.

Ауру диагнозы 14 жасқа дейінгі 316 баладан расталды. Алдын ала бағалау бойынша, жұқтырудың 49,3%-ы тағам арқылы, 50,7%-ы тұрмыстық-қатынастық жолмен тараған.

Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта дизентерияның 16 жағдайы тіркеліп, оның 13-і балалар арасында анықталған. Өткен жылдың осы кезеңінде мұндай жағдай мүлде тіркелмеген.

— Дизентерия (шигеллез) — негізінен Shigella бактериялары қоздыратын, тоқ ішекті зақымдап, ағзаның жалпы улануымен сипатталатын қауіпті ішек инфекциясы, — деп мәлім етті департамент.

Бұған дейін Қазақстанда 4739 адам донорлық ағза кезегінде тұрғаны туралы хабарлаған едік