Шымкентте азаматтық некедегі әйелінің жағын сындырған азамат сотталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы О.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы О. Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігімен (денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтірген) айыпталған.
Қалалық соттың мәліметінше, О. өткен жылғы 1 мамырда кешкі уақытта Шымкент қаласы, Жаңаталап шағынауданында орналасқан үйде өзінің азаматтық некедегі жұбайы жәбірленуші С.-мен жанжалдасу кезінде оның бетінен бірнеше рет ұрып, жағын сындырған. Соның салдарынан жәбірленушінің денсаулығына орташа зиян келтірген. Сотталушының кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденді.
— Прокурор сотталушыға 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және азаматтық талап арызды қанағаттандыруды сұрады. Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, өзін ақтауды сұрады. Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін ішінара мойындағанын ескерді, ал ауырлататын мән-жай анықталмады. Сот, О.-ны ҚК-нің 107-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, — делінген соттың хабарламасында.
Азаматтық талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енбеді.
Бұдан бұрын Шымкентте аса ірі көлемде есірткі тасымалдаған алматылық тұрғын ұсталғанын жазған едік.