Шымкентте балаларын аяусыз азаптаған әйелге сот үкімі шықты

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты өз балаларын аяусыз қорлады деп айыпталған Гүлмира Эргешоваға қатысты үкім шығарды. Сот оны 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.

м
Фото: pexels.com

Сотта анықталғандай, 30 жастағы Гүлмира Эргешова балаларын ұдайы ұрып-соғып, оларға физикалық әрі психологиялық зорлық көрсеткен.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы кәмелетке толмаған балаларын жазалаудың аса қатыгез тәсілдерін қолданған. Атап айтқанда, туған ұлын ұрып-соғып, дене жарақаттарын салған, кейін шанышқыны қыздырып, оның аузын күйдіріп, азаптаған.

– Сонымен қатар қыздырылған үтікпен ұлының бетін, қызының ішін күйдірген. Оларды өзенге апарып, мұздай суға секіруге мәжбүрлеп, тұншықтырған. Балалардың шашын тақырлап алып, психологиялық зиян келтірген, – делінген қалалық соттың хабарламасында.

Үкім шығару кезінде сотталушы өзінің қатігез әрекетін енесімен және жұбайымен жылдар бойы жалғасқан жанжалдармен байланыстырды. Әйелдің айтуынша, отбасы балаларға рәсімделген мемлекеттік жәрдемақы есебінен ғана күн көрген.

Сотталған әйел балаларды шетелде жұмыс істеп жүрген күйеуіне және енесіне қайтармауды сұрады. Сондай-ақ ол балалардың мемлекет қамқорлығында қалуын өтінді.

Сот Гүлмира Эргешованы кінәлі деп танып, 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.

Бұдан бұрын Шымкентте сот балаларына қатыгездік көрсеткен әйелді ана құқығынан шектегенін жазған едік.