Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкентте интернет кабельдері неге кесілді - әкімдік жауабы

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Қаладағы бірнеше көшеде тұрғындар интернетсіз қалды. Тексеру нәтижесінде анықталғандай, кабель желілерін демонтаждау интернет-провайдерлерге бірнеше рет ескерту жасалғаннан кейін басталған.

Шымкент
Фото: Шымкент қаласы цифрландыру басқармасы

Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының мәліметіне сүйенсек, демонтаждау туралы шешім тексеру нәтижесінде қабылданған. Тексеру барысында байланыс желілерінің сыртқы жарықтандыру тіректеріне тиісті құжаттарсыз және қауіпсіздік талаптарын бұза отырып орналастырылғаны анықталған.

Шымкент
Фото: Шымкент қаласы цифрландыру басқармасы

– Әлеуметтік желілерде Шымкенттің бірқатар көшесінде интернет кабельдерінің демонтаждалуына қатысты тұрғындардың шағымдары жарияланып жатыр. Бұл жұмыстар инженерлік және қауіпсіздік талаптарын сақтамай тартылған кабель желілерін ретке келтіру мақсатында жүргізіліп жатыр. Мұндай кабельдер тұрғындардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ олардың мүлкіне қауіп төндіріп, апаттық жағдайлардың туындау қаупін арттырады, – деп хабарлады басқарма өкілдері.

Ведомство мәліметінше, интернет-провайдерлерге заңсыз тартылған кабельдерді өз күшімен алып тастау туралы бірнеше рет ескерту берілген. Сонымен қатар оларды баламалы инфрақұрылымға көшіру жолдары ұсынылған.

– Кабельдерді демонтаждау қажеттігі туралы ресми хабарламалар провайдерлерге 2025 жылғы қарашада жолданып, талаптарды орындауға жеткілікті уақыт берілді. Осы кезеңде бірқатар компания кабельдерін өз еркімен демантаждады. Алайда кейбір байланыс операторлары белгіленген мерзім өткеніне қарамастан, талаптарды әлі орындамаған, – деп мәлім етті басқарма.

Шымкентте тұрғындар интернеттің өшуіне шағымданды
Фото: Шымкент қаласы цифрландыру басқармасы

 

Осыған байланысты заңсыз тартылған кабельдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы орган тарапынан мәжбүрлі түрде демонтаждалып жатыр.

– Бұл жұмыстар тұрғындарды интернеттен ажырату үшін емес, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін кабель желілерін ретке келтіріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатыр, – деп атап өтті қала әкімдігі.

Шымкент тұрғындарына интернет қызметіне келісім жасамас бұрын провайдердің қажетті рұқсат құжаттарын тексеру ұсынылады.

Бұған дейін Шымкентте мобильді байланыс сапасы төмен қанша аймақ бар екенін жазған едік.