Шымкентте инвесторларға кедергі келтірген шенеуніктер айыппұл арқалады

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкентте инвесторлардың ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге экспорттауына кедергі келтірген лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды.

Шымкентте инвесторларға кедергі келтірген шенеуніктер айыппұл арқалады
Фото: pixabay

Қаратау ауданы прокуратурасының инвесторлардың құқықтарын қорғау саласында жүргізген талдауы барысында Шымкент бойынша Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекциясының лауазымды тұлғалары тарапынан заң бұзушылықтар анықталған.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге экспорттау үшін қажетті фитосанитариялық сертификаттарды алу кезінде инвесторларға құжаттарды беруге негізсіз кедергілер жасалған.

Осы фактілер бойынша мекеме басшысы мен лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабы 4-бөлігі бойынша төрт әкімшілік хаттама толтырылды.

— Нәтижесінде кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 865 мың теңге айыппұл салынды. Айыппұл толық көлемде төленді, — делінген хабарламада.

Еске салайық, мұның алдында Алматы облысында инвесторлардың жұмысына кедергі келтірген 18 шенеунік жазаланғанын жазғанбыз.