Шымкентте полиция басқармасының бұрынғы бастығы алаяқтық және жемқорлық үшін сотталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әл-Фараби аудандық полиция басқармасының бұрынғы бастығы Батыр Мырзакелдиев пен оның сыбайласына қатысты үкім шығарды.
Сот мәліметінше, Батыр Мырзакелдиев алаяқтық және сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы Бекмұратовқа 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сондай-ақ Батыр Мырзакелдиев полиция полковнигі арнайы атағынан айырылып, оған өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынды.
ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері 2025 жылдың желтоқсан айында Батыр Мырзакелдиевті 15 млн теңгені алу кезінде ұстаған болатын.
Тергеу мәліметі бойынша, бұл ақша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін берілген. Тергеу барысында қорғау тарапы айыпты жоққа шығарып, бұл әрекет арандатушылық болғанын мәлімдеген.
Сот іс материалдарын қарап, айыптау үкімін шығаруға жеткілікті дәлелдер бар деп таныды.
– Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 21 шілдедегі үкімімен Мырзакелдиев Б.Е. және оның сыбайласы Бекмұратов А.С. кінәлі деп танылды. Оларға 6 жыл және 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деп хабарлады сот.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте Тұран аудандық полиция басқармасының бұрынғы бастығы Нұржан Тілеуов те пара алғаны үшін 6 жылға сотталып, арнайы атағынан айырылған болатын.