Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкентте полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 4 мыңнан астам шағым түскен

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – 2026 жылдың алғашқы алты айында Шымкент қаласында отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға байланысты 187 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл туралы Kazinform тілшісінің сауалына берген жауабында Шымкент қаласының полиция департаменті мәлімдеді.

Неліктен полицияға түскен әрбір арыз бірден қылмыстық іске айналмайды
Фото: Абай облысы ПД

Шымкентте алты айда отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға байланысты 4743 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,4 пайызға көп. Оның ішінде 4157 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар 433 құқық бұзушыға сот тарапынан ерекше талаптар белгіленіп, заңды бұзған 243 адамға қатысты әкімшілік іс сотқа жолданған.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полицияға 4 мыңнан астам шағым түскен.

– Полицияның жолдамасымен 101 әйел мен 315 бала дағдарыс орталықтарына уақытша орналастырылып, оларға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетілді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 841 адамға әкімшілік қамақ түріндегі жаза қолданылды. Ал 3902 адамға ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылып, тараптардың татуласуына байланысты әкімшілік іс тоқтатылды, – делінген полиция жауабында.

Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық жанжалдар кезінде ауыр дене жарақатын салудың төрт және адам өлтірудің бір фактісі тіркелген. Бұдан бөлек, суық қару, атап айтқанда пышақ қолданылған төрт жағдай анықталған.

Ведомство мәліметінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тартылғандардың басым бөлігі – 30-49 жас аралығындағы азаматтар.

Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне байланысты 199 қылмыстық және 3316 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Сондай-ақ кейінгі бес жылда қалада тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан сегіз адам көз жұмған.

Бұған дейін Шымкентте бұрынғы әйелін аңдып, үстіне қауіпті химиялық сұйықтық төккен ер адам ұсталғанын хабарлаған едік.