Шымкентте сталкинг дерегі бойынша айыпталған азаматқа сот үкімі шықты
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте бұрынғы танысын аңдып, байланыс орнатуға мәжбүрлеген азамат сот үкімімен кінәлі деп танылып, жаза тағайындалды.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында «Сталкинг» бабы бойынша қылмыстық іс қаралды.
Қалалық соттың мәліметінше, сотталушы 2022-2025 жылдар аралығында жәбірленушімен жігіт-қыз ретінде сөйлесіп, кездесіп араласып жүрген. 2025 жылдың желтоқсан айында араларындағы түсініспеушіліктен кейін жәбірленуші онымен қарым-қатынасты тоқтатып, кездесуден бас тартқан.
– Алайда сотталушы жәбірленушінің қарсылығына қарамастан онымен байланыс орнатуға тырысып, аңдыған. Сот оның әрекеттерін зорлық-зомбылықсыз, бірақ жәбірленушінің жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығын және еркін жүріп-тұруына кедергі келтірген заңсыз қудалау ретінде бағалады, – делінген хабарламада.
Прокурор сотталушыға қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші кешірім бермейтінін білдіргенімен, жеңіл жаза қолдануды өтінген. Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді.
– Сот шын ниетпен өкінуді жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, ауырлататын жағдайларды анықтамады. Айыпталушы ҚК-нің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылды, – деп мәлімдеді ведомство.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан бұрын Шымкентте полиция сталкингтің екі дерегін әшкерелегенін жазған едік.