Шымкентте танымал телефон дүкені орналасқан нысан сүріліп жатыр
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Қала тұрғындарына «Гарант» дүкені ретінде белгілі нысан заңсыз деп танылып, бұзылып жатыр.
Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары Тәуке хан даңғылы мен Ахмет Байтұрсынов көшесінің қиылысында орналасқан үйге жапсарлас салынған екі нысанды тексерді.
Тексеру барысында нысандарда ұялы телефондар сатылып, жөндеу қызметтері көрсетілгені, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінің заңсыз пайдаланылғаны анықталды. Бұдан бөлек тиісті құжаттар рәсімделмей құрылыс жүргізілген.
— Нысандардың меншік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ғимараттарды бұзу туралы сотқа талап-арыз берілді. Сот шешімімен құрылыс нысандары заңсыз деп танылып, қазіргі таңда бұзылып жатыр, — делінген қала әкімдігі таратқан ақпаратта.
Осыған байланысты әкімдік өкілдері меншік иелерін құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастамас бұрын заң талаптары мен құрылыс нормаларын қатаң сақтауға шақырды.
Ведомствоның мәліметінше, заң талаптары сақталмаған жағдайда меншік иелеріне ірі көлемде айыппұл салынып, заңсыз салынған құрылыс нысандары бұзылуы мүмкін.
Бұған дейін Шымкентте биыл заңсыз берілген 52 жер учаскесі анықталғанын жазған едік.