Шымкентте тұрмыстық қарым-қатынаста жасалған қылмыс көбейген
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Осы жылдың 11 айында отбасында жасалған құқық бұзушылықтар бойынша 5600 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Шымкент қаласы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Бақытжан Байғозиев мәлімдеді.

Жасалған құқық бұзушылықтар аясында және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полициямен 4800 адамға қатысты «қорғау нұсқамасы» шығарылған. Ал, қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 363 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, прокуратураның бастамасымен жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығында ең алғашқы рет агрессорларға тегін психологиялық көмек көрсету жобасы іске қосылды. Онда маман-психологтар отбасылық құндылықтарды насихаттауға, ата-ана мен баланың қарым қатынасын нығайтуға бағытталған көмек береді.
– Биыл отбасы тұрмыстық қарым-қатынаста жасалған қылмыстар 32-ден 146-ға өскен. Оның себебі 2024 жылы 15 маусымда күшіне енген жаңа заңнама негізінде Қылмыстық кодекске енгізілген баптарға байланысты. Яғни ҚК-тің 108-1 бабы «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша 38 қылмыс, ҚК-тің 109-1 бабы «ұрып соғу» бойынша 84 қылмыс тіркелді. Прокуратура тарапынан профилактикалық мақсатта басқа да жұмыстар жүргізіліп, бұл саладағы құқық бұзушылықтар ерекше бақылауға алынды, - деді Бақытжан Байғозиев.
Айта кетейік, Шымкентте кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар 34,2 пайызға өскенін жазған болатынбыз.