Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шымкентте заңсыз берілген 52 жер учаскесі анықталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте заңсыз берілген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.

Шымкентте заңсыз берілген 52 жер учаскесі анықталды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламовтың айтуынша, биыл Шымкентте заңсыз берілген 52 жер учаскесі анықталған.

— Аталған учаскелер бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдарға хат жолданды. Қазіргі таңда тексеру жүргізіліп жатыр. Өткен жылы Шымкентте нарықтық құны 800 млн теңге болатын 150 гектар жердің заңсыз берілгені анықталып, сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылды, — деді ол.

Сонымен қатар биыл мемлекет мұқтажы үшін алынуы тиіс 75 жер учаскесі бойынша жұмыстар қолға алынған. Бүгінге дейін жалпы ауданы 7,2 гектарды құрайтын 51 жер учаскесі бойынша өтемақы төленіп, 4 жер учаскесінің орнына тең бағалы жер учаскесі берілген.

Бұдан бөлек қалада жер телімдерін есепке алу, олардың заңдылығын бақылау және тиімді пайдалану мақсатында кешенді түгендеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Басқарма басшысының айтуынша, электронды картадағы мәліметтер мен жер учаскелерінің нақты орналасуы арасында сәйкессіздіктер кездеседі.

— Электронды картада кейбір жер учаскелері бір-бірімен қабаттасып немесе ығысып орналасқан. Кей жағдайларда бұл ығысу 30-40 метрге дейін жетеді. Кейбір азаматтардың жер учаскесі бір орамда орналасқанымен, электронды картада басқа мекенжай көрсетілген. Осы мәселелерді шешу, сондай-ақ жерді заңсыз пайдалану, нысаналы мақсатына қайшы немесе тиімсіз пайдалану фактілерін анықтау үшін қала аумағындағы жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді спикер.

Азат Исламов бұған дейін қала аумағына аудандар мен облыс аумағынан жерлер қосылған кезде бір учаскеге қатысты екі қаулы қабылданған жағдайлар болғанын атап өтті.

— Мұндай мәселелер Жер кодексінің 167-бабына сәйкес тек сот тәртібімен шешіледі. Ал екі бөлек берілген жер учаскелері бір-бірімен қабаттасқан жағдайда, олардың нақты орналасуына қарай азаматтардың мәселесі қаралады, — деді ол.

Сондай-ақ қала аумағында өз бетінше салынған тұрғын үйлерге құқық беру мәселелерін қарау үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, тиісті зерделеу жүргізілген. Нәтижесінде құжатсыз салынған 2314 тұрғын үйдің қазіргі таңда 1400-і жұмыс тобы тарапынан зерделенді. Бұдан бөлек шаһарда қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін және тұруға жарамсыз 187 құрылыс нысаны бұзылды.

Айта кетейік, жылдың алғашқы алты айында басқармаға 2140 арыз-шағым түскен. Сонымен қатар 11 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 22 мыңнан астам өтініш қаралған.

Бұған дейін Шымкентте 2300-ден астам тұрғын үйдің құжатсыз салынғаны туралы хабарлаған едік.