Шымкентте жүргізуші куәлігін заңсыз берумен айналысқан топ ұсталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізуші куәліктерін жүйелі түрде заңсыз берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.

Шымкентте жүргізуші куәлігін заңсыз берумен айналысқан топ ұсталды
Фото: Видеодан алынған скрин

Тергеу барысында 2023-2024 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы Ж.Мурашимов пен бірге бірқатар лауазымды тұлғалар жүргізуші куәліктерін алу рәсімін теориялық және практикалық емтихандардан өтпей заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

- Аталған «қызмет» үшін азаматтардан 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ақша алынған. Нәтижесінде 500-ден астам адам заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін алған.

Қазіргі таңда тергеу аясында 200 млн теңгеден астам сомаға бағаланған күдіктілердің мүлкіне - 2 жеке үй, 2 пәтер, 2 жер телімі және 10 автокөлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды.

Соттың санкциясымен 12 күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, - деп жазды Қаржылық мониторинг агенттігінен.

Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Айта кету керек, жүргізуші куәліктерін белгіленген тәртіпті айналып өтіп алу – қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді.

Бұл Шымкент қаласында соңғы жылдары жиілеген жол-көлік оқиғаларынан да байқалады. 2022 жылы мұндай оқиғалар саны 398 болса, 2024 жылы 878-ге жеткен.

Бұған дейін Шымкентте қоғамдық көліктер «төлем» жүйесінен ажыратылатыны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар