Шымкенттегі жаңа стадион құрылысы неге ұзаққа созылып кетті

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте жаңа стадионның құрылысына қатысты әлеуметтік желіде айтылған сыни пікірлерге қала әкімдігі түсінік берді.

Шымкентте еліміздегі ең үлкен стадионның іргетасы қаланды
Фото: Жансая Тәуекелқызы

Шымкентте 35 мың көрерменге арналған жаңа стадионның құрылысы екі жыл бұрын басталған. 2024 жылғы маусымда стадионның іргетасы қаланып, нысанды 2026 жылдың ортасына дейін аяқтау жоспарланған еді. 

Әлеуметтік желіде Шымкентте салынып жатқан жаңа стадионға бөлінген жер телімдерінің заңдылығына және бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты сыни материалдар жарияланды.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, жаңа стадионды салу үшін мемлекет мұқтажына 190 жер учаскесі алынған. Әр учаскенің көлемі шамамен 8 сотық болған. Ол әлеуметтік желіде жалпы құны 200 млн теңге болатын жер телімдері қала әкімдігі тарапынан он есе қымбатқа сатып алынғаны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

– Бұл – шындыққа жанаспайды. Мемлекет мұқтажы үшін жер алу кезінде алдымен тәуелсіз бағалау компаниясы оның құнын анықтайды, – деді Сәрсен Құранбек.

Оның айтуынша, жалпы шамамен 2100 сотық жер учаскесі сатып алынған. Әр сотықтың құны 1,4 млн теңгеден 1,8 млн теңгеге дейін белгіленген. Кейбір жер иелері бағалау қорытындысымен келіспей, сотқа жүгінген. Мәселен, 8 сотық жер учаскесі бағалаушылар тарапынан 14 млн теңгеге бағаланған. Алайда жер учаскесінің иесі сотқа жүгініп, оның құнын 20 млн теңгеге дейін қайта қаратып, қосымша өтемақы өндіріп алған.

Әкімдіктің ресми өкілі стадион құрылысына қажетті жер телімдерін бағалау және мемлекет мұқтажына алу барысында әкімдік тарапынан заң бұзушылыққа жол берілмегенін атап өтті.

Сондай-ақ ол аталған аумақтағы жер телімдерінің нысаналы мақсаты бірнеше рет өзгертілгені туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратты да жоққа шығарды.

– Бұл жерлердің нысаналы мақсаты Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанға дейін, яғни бұрынғы Сайрам ауданының құрамында болған кезеңде өзгертілген. 2018 жылы Шымкент республикалық мәртебе алғаннан бері бұл жерлердің нысаналы мақсаты бірде-бір рет өзгерген жоқ, – деп түсіндірді әкімдік өкілі.

Алғашқы жобада жаңа стадионның сыйымдылығы 35 мың орынға жоспарланған. Нысанның бастапқы мердігері «Qazaq Stroy» компаниясы болған. Алайда мердігер жобаны белгіленген мерзімде жүзеге асыра алмаған. Осыған байланысты құрылыс мердігері өзгертілген.

– Егер УЕФА және ФИФА деңгейіндегі жоғары санаттағы халықаралық жарыстарды өткізуді жоспарласақ, стадионның сыйымдылығы 50 мың орыннан кем болмауы керек. Осыған байланысты Шымкенттегі жаңа стадионды 60 мың орынға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды, – деді қала әкімдігі өкілі.

Қазіргі таңда 35 мың орынға арналған жобаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Негізгі іргетас жұмыстары сақталады, ал стадионның жоғарғы құрылымдық бөлігі 60 мың көрерменге есептеліп қайта жасалады.

– Жобаның бастапқы 35 мың орынға арналған бөлігі бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Ал сыйымдылықты 60 мың орынға дейін арттыруға байланысты қосымша шығынды бүгінде «Ордабасы» футбол клубының иесі болып отырған «Интегра» компаниясы өз есебінен өтейді, – деді спикер.

Әкімдік бұл бастаманы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жоба ретінде бағалап отыр.

Бұған дейін жаңа стадионның құрылыс жұмыстары жоспардан кешіккені хабарланған болатын. Әкімдік мұны нысанға қажетті қосымша 6,24 гектар жер телімін мемлекет мұқтажына алу рәсімінің ұзаққа созылуымен түсіндірген еді.