Шымкентте 35 мың адамға арналған стадион құрылысы неге кешеуілдеді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Жаңа стадион құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған, арада екі жылға жуық уақыт өтсе де, жоба толық қарқын ала қойған жоқ.

Шымкентте еліміздегі ең үлкен стадионның іргетасы қаланды
Фото: Жансая Тәуекелқызы

2024 жылы маусым айында Шымкентте 35 мың адамға арналған еліміздегі ең үлкен стадионның іргетасы қаланған болатын. Оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен бірқатар футболшы қатысты. Қала әкімдігі нысан құрылысын 2026 жылы аяқтауды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді. 

Алайда содан бергі екі жылға жуық уақыт ішінде құрылыс жұмыстары кешігіп басталғаны белгілі болды. Бұл туралы қала әкімдігі Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

— Жаңа стадион құрылысын жүргізу үшін 20,9 га жер телімі заңдастырылған болатын. Алайда стадион құрылысын жобалау барысында қосымша 6,24 га жер теліміне қажеттілік туындады. Осыған байланысты аталған жер телімін мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары біршама уақытты талап еткендіктен құрылыс жұмыстары жоспарланған мерзімінен кейін басталды, — делінген қала әкімдігі ұсынған ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда құрылыс аумағында бұрандалы қадаларды қағу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Стадион құрылысы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Қазір жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Мердігер ретінде «Qazaq Stroy» ЖШС анықталды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына қажетті нақты қаржы көлемі жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін белгілі болады, — деп мәлімдеді қала әкімдігі.

Бұдан бұрын Алматыда алдағы жылдары 45 мың көрерменді бір мезетте қабылдай алатын жаңа футбол стадионы салынатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум