Шыңжаң үкіметі Қазақстан кәсіпкерлерімен байланысты нығайтпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайға сапарлап жатқан Қазақстан азаматтарының саны артып келеді. Бұл туралы Үрімжіде Шыңжаң үкіметінің сыртқы байланыс жөніндегі кеңсе өкілдерінің Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарынан құралған делегациямен кездесу барысында мәлім болды.

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы үкіметінің сыртқы байланыс жөніндегі кеңсе басшысының орынбасары Сяо Евэнь Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимге байланысты қазір екі жақта да туристер саны артып келе жатқанын айтты.
— Ал еңбек мигранттарына тоқталсақ, олар жұмыс істеуге арналған визаны рәсімдеуі тиіс. Сондықтан осы бағыттағы деректерді консулдық қызметтен нақтылау керек. Атап айтқанда, Үрімжіде Қазақстан компанияларының өкілдіктері бар. Жалпы, осында қазақстандық компаниялардың келуін құптаймыз және қолдау жасауға дайынбыз. Шыңжаң Жібек жолының экономикалық белдеуінің негізгі аймағы болғандықтан, Қазақстан кәсіпкерлерімен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз, — деді Сяо Евэнь.
Сонымен қатар ол осы жылы көктемде Қазақстанға алғаш рет сапармен барып, Астанадағы халықаралық форумға қатысқанын айтты.
— Қазақстан бай табиғи ресурстарымен және бірегей мәдени дәстүрімен ерекше екенін білемін. Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестігі қарқынды дамып келеді. Бұл тұрғыда Шыңжаңның рөлі маңызды, себебі екі елдің бірлескен жобаларының көбі біздің өңірмен байланысты. Алдағы уақытта да Қазақстанмен түрлі салада ынтымақтастықты нығайтудың әлеуеті зор, — деді Сяо Евэнь.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Шыңжаңдағы бұқаралық ақпарат құралдары қазақ тіліндегі контентті көбірек шығаруға назар аударып отырғаны мәлім болды.