ШЫҰ елдері ұйым қызметін жетілдіруге ерекше мән беріп отыр — Нұрлан Ермекбаев

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған сарапшылық кездесу өтті.

ШЫҰ елдері ұйым қызметін жетілдіруге ерекше мән беріп отыр — Нұрлан Ермекбаев
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— 2026 жылдың 15 маусымында ұйымның жиырма бес жылдығын атап өтеміз. Бұл — дамудың жаңа перспективаларын ашатын символдық мәні бар кезең. Кейіннен ұйымға Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь елдерінің қосылуы ШЫҰ-ны ең ірі трансаймақтық бірлестікке айналдырды және өзінің 25 жылдық мерейтойына елеулі нәтижелермен келді, — деді ШЫҰ бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев.

Оның айтуынша, бүгінде ШЫҰ экономикалық, ғылыми-техникалық, білім беру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілетудің маңызды алаңы ретінде танылды. Сонымен қатар, ШЫҰ кеңістігінде сауда өсімінің оң қарқынын байқауға болады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 7 пайызға өсіп, 700 млрд АҚШ долларына жуықтады.

— Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы рөлі туралы айтқым келеді. Қазақстан ШЫҰ-ның негізін қалаушы алты мемлекеттің бірі және ұйымға маңызды үлесін қосып келеді. Қазақстанның 2023–2024 жылдардағы ШЫҰ-ға төрағалығы сол кезеңдегі маңызды саяси оқиғаларға қатысты ұйымның ортақ ұстанымын қалыптастыру бойынша жедел іс-қимылдармен ерекшеленді, — деді ШЫҰ бас хатшысы.

2024 жылғы Астана саммиті аясында алғаш рет ШЫҰ плюс форматында мүше мемлекеттер басшыларының, байқаушылардың, сондай-ақ Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түрікменстаннан келген қонақтардың, БҰҰ Бас хатшысының, халықаралық ұйымдардың атқарушы органдары басшыларының қатысуымен кездесу өтті. Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясы және 20-ға жуық шешім қабылданды.

— Астана саммитінде Мемлекет басшылары Сыртқы істер министрлері кеңесінің ұйым қызметін жетілдіру жөніндегі ұсынысын мақұлдады. Бүгінде тараптар осы мәселемен айналысып жатыр. Атап айтқанда, ШЫҰ-ның ұжымдық бастамалары жыл сайын халықаралық аренада назар аудартып отыр. Сонымен бірге ШЫҰ жұмысындағы кемшіліктерді де көріп отырмыз. Осыған орай, Мемлекет басшылары алға қойған бірінші кезектегі міндет — ұйым қызметін жан-жақты жаңғырту, — деді Нұрлан Ермекбаев.

Еске салсақ, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ плюс» саммитінде сөз сөйледі.

Айта кетейік, 2025 жылы ШЫҰ-дағы төрағалықты Қырғызстан алды. 

Жақында Қырғызстан Ұлттық банкі 2026 жылғы 11 мамырдан бастап «Шанхай ынтымақтастық ұйымы — 25 жыл» атты күміс коллекциялық монетаны айналымға шығарды.