ШЫҰ-ға мүше елдер мәдени байланыстарды тереңдетуге мүдделі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы мәдени байланыстарды тереңдетуге мүдделі. Бұл ұсынысты Ташкентте Наурыз мейрамын атап өткен ШЫҰ Халық дипломатиясы орталығының өкілдері айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

ШЫҰ-ға мүше елдер мәдени байланыстарды тереңдетуге мүдделі
Фото: Kazinform

Өзбекстан астанасында өткен мәдени іс-шараға дипломаттар, Олий Мажлис депутаттары мен Шет елдердегі ұлтаралық қатынастар және отандастар мәселелері жөніндегі комитеттің басшылық құрамы қатысты.

Оның барысында баяндама жасаған ШЫҰ Халық дипломатиясы орталығының директоры Кабулжон Сабиров Орталық Азия мемлекеттерінің арасында орнаған ынтымақтастық рухы өзге аймақтарға үлгі екенін атап өтті.

— Орталық Азия елдерінің ынтымақтастық рухы өзге аймақтарға үлгі. Мемлекет басшыларының ұстанып отырған сыртқы саясатының нәтижесінде біздің өңірде достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнады. Біз ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелердің түйінін тарқаттық. Оның ішінде, шекара және көлік-логистикалық проблемалар бар. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық», деген тәмсілдің мәнін толық түсініп, интеграцияны ілгерілетуге күш салып келеміз, — деді Кабулжон Сабиров.

Биыл ШЫҰ аясында экономикалық байланыстардан тыс, мәдени-гуманитарлық, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту бағытында жобалар қолға алынады. Жалпы жыл ішінде 40-қа жуық кеңес өткізу жоспарланған.

— Президент Шавкат Мирзиёевтің ұлтаралық таулықты сақтау мен бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту бастамалары жоғары нәтиже бере бастады. Тиісінше, біз барлық белді ұйымдар аясында мәдени байланыстарды нығайтуға мүдделіміз, — деді ӨР Шет елдердегі ұлтаралық қатынастар және отандастар мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Кахраман Сариев.

Еске салайық, таяуда Ташкентте өткен жиында ШЫҰ Аймақтық антитеррорлық құрылымының 2030 жылға дейінгі жоспары мақұлданған болатын.

Сонымен бірге биыл ақпанда Қытай тарапы Ташкентте өткен дөңгелек үстел барысында ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде атқаратын жұмыстардың жоспарымен бөліскен еді. Ресми Бейжің ұйым аясындағы ынтымақтастықты 8 бағыт бойынша ілгерілетпек.

Соңғы жаңалықтар