Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ішкі нарық отандық көкөніспен және картоппен қамтамасыз етіледі — АШМ

АСТАНА. KAZINFORM — Ел аумағындағы аптап ыстыққа қарамастан отандық картоп ішкі нарыққа жеткілікті көлемде жиналмақ. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті. 

картоп, картофель
Фото: ҚР АШМ

Бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында жаздағы күн райы отандық көкөніс пен астық шығымына қаншалықты әсер етуі мүмкін екені сұралды.

— Негізгі көкөніс дақылдары суармалы жерлерде өсіріледі, сондықтан жағдай бақылауда. Ал солтүстік өңірлер және Павлодардағы картоп бойынша тосын жағдай болады деп ойламаймын. Қазіргі болжамдар бойынша көкөніс пен картоптың орташа шығымы болатыны айтылып жатыр. Картоп 2,5–2,6 млн тонна шамасында болуы мүмкін. Бұл көлем ішкі нарықты қамтамасыз етуге толықтай жетеді. Сонымен қатар 3,5 млн тонна көкөніс жиналмақ, — деді Азат Сұлтанов.

Оның айтуынша дәнді дақылдардың жақсы өнімі елдің батыс өңірінде, сондай-ақ Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында болуы мүмкін. Ал Ақмола облысының бір бөлігі құрғақшылыққа тап болды.

Айта кетейік, бүгін туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық өнімге қатысты бірқатар тапсырма берді.