Ішкі істер министрлігінің құзыреті кеңейтілді
АСТАНА. KAZINFORM – Енді ішкі істер органдарына қызметке қабылданатын кандидаттың кәсіби құзыретін, негізгі көрсеткіштерін айқындау әдістері мен қағидаларын және бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін (цифрлық рейтингін) ережесін енді министрлік бекітеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Қаулы биыл 22 сәуірден бастап күшіне енеді.
Жаңа ереже министрліктің келесі жаңа функцияларымен толықтырылды:
- күзет қызметі саласындағы салалық біліктілікті әзірлейді немесе өзектендіреді;
- күзет қызметі саласындағы кәсіби стандартты әзірлейді және өзектендіреді;
- кәсіби біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органмен келісу арқылы күзет қызметі саласындағы кәсіби стандартты бекітеді;
- кәсіби стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды кәсіби біліктіліктерді тану саласындағы уәкілетті органға жібереді;
- кәсіби біліктіліктер бойынша салалық кеңестер туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
- кәсіби біліктіліктерді тану саласындағы уәкілетті органға кәсіптер тізілімін өзгерту және толықтыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
- аймақтар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдіктерімен келісу арқылы қазір және болашақта кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, еңбек нарығының кәсіби біліктіліктерді тануға деген қажеттілігін қалыптастырады;
- кәсіби біліктіліктерді тану шарттары бойынша кәсіби біліктіліктерді тану саласындағы уәкілетті органға ұсыныстар енгізеді;
- ішкі істер органдары қызметкерінің жоспардан тыс аттестациядан өткізу тәртібін, кезеңдерін және мерзімдерін бекітеді;
- Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына қызметке кандидаттың кәсіби құзыреттерін, негізгі көрсеткіштерін айқындау әдістері мен қағидаларын және бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін (цифрлық рейтингін) есептеу ережесін бекітеді;
- психотроптық заттар мен прекурсорлары бар дәрілік заттарға рұқсат беретін лауазымды тұлғалар мен ұйымдар тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тізіммен келіседі;
- Қазақстан Республикасы азаматтарының өтінішін өз құзыреті аясында қарайды;
- құқық қорғау органдары және Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органының басшысымен бірлесіп, психологиялық-әлеуметтік зерттеу жүргізу тәртібі мен әдістерін әзірлейді және бекітеді;
- құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау органдарының және мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлерін, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерді және қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің кәмелет жасына толмаған балаларын ішкі істер органдарының Астана және Алматы қалаларында орналасқан медициналық ұйымдарына жолдау тәртібін айқындайды.
Министрдің өкілеттіктері туралы тармақ жаңа редакцияда ұсынылды:
Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамасына сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың полиция департаментінің бастығын лауазымға тағайындайды.
Сондай-ақ, министрлік ішкі істер органдарындағы лауазымдардың номенклатурасын, лауазым санаттарына қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді.
Еске салсақ, былтыр елімізде ішкі істер органдары қызметкерлері есірткі скринингінен өте бастады. Мақсат – тәртіп сақшылары арасында есірткі тәуекелін болдырмау, анықтау.